Жанболат МАМАЙ: Әрбір саяси тұтқын үшін күресуіміз керек!

Кеше сотқа тартылған 13 белсендінің төртеуі 5 жылға түрмеге қамалды. Саяси астармен болған сотта. Саяси қудалауға ұшырап. Тағылған айып – «экстремистік ұйым ісіне араласты» дейді. 5 жылға түрмеге қамалған Асхат, Қайрат, Абай мен Ноянды танимын. Түрлі жиында кездесіп қалдық. Жақын араласқан жоқпыз. Дос болмадық. Алыста отырған әлдебіреудің айтақтауымен сыни пікір де айтқан болар. Бірақ, мәселе онда емес. Қамалып, қудаланып жатқан бұл жігіттерді мен «экстремист» деп есептемеймін. Кешегі өткен сот — саяси репрессияның айқын көрінісі екені анық. Олар қолдарына қару алуға шақырды ма? Жоқ. Күштік құрылым қызметкерлеріне зорлық көрсетейік деді ме? Жоқ. Билікті күшпен аударайық деді ме? Жоқ. Тек қана бейбіт митингке шықты, саяси қудалауды тоқтатуды талап етті. Ал сол үшін бұларды түрмеге отырғызу саяси қудалау болмағанда, не енді? Биліктің басты қағидасы «бөліп ал да, билей бер» деген принцип. Оларға басымыздың қосылмағаны, бір бірімізді сынағанымыз өте қажет болып тұр. Өкінішке қарай, биліктің жіберген жансыздарының арқасында, арандатушыларының көмегімен және шетелдегі алаяқтардың кесірінен оппозиция бөлшектеніп, бөлініп жатыр. Қазіргі күнгі ең үлкен проблеманың бірі осы. Бірақ, барлығын біріктіретін бір мәселе болу керек — саяси тұтқындардың бостандығы. Кеше сотталған 4 жігіт — саяси тұтқындар. Сол азаматтарды босатуды әрі болашақта саяси қудалау болмауы үшін барлығымыз күресуіміз тиіс.