Абзал ДОСТИЯРОВ: Саясатқа араласыңыздар, елдегі әр оқиға елдің назарынан тыс қалмауы керек!

фото ашық ақпарат көздерінен

«Ет сасыса – тұз себесің, тұз сасыса – не себесің?» дейді атам қазақ. Құдды  біздегі сот жүйесіне арнап айтқандай-ақ. Қара қылды қақ жарып, заңдылықты қорғауы, әділ үкімімен мемлекеттің ірге тасын нығайта түсуі тиіс, шындық іздеген елдің соңғы үмітін өшірмей, керісінше, оған қолдау болатын сот институты осы «сасыған тұздың» керін киген десек, қателесе қоймаспыз. Осыдан-ақ, елдің маңдайының соры бес елі. Өйткені, сот жүйесі, елдегі басқа да кез келген сала сияқты, белшесінен былыққа батқан – өзі де, жең ұшынан жалғасқан,  жемқорлықтың құрбаны. Әйтпесе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мүшелері жиі-жиі парамен ұсталар ма еді? Мысалы, 2012 жылы Сайлаубек Жәкішев деген Жоғарғы соттың судьясы 70 мың АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан кезінде ұсталған болатын. Ал, биыл, 2021 жылы ақпанда Жоғарғы соттың тағы бір судьясы Мейрамбек Жанғұттиновті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігі парамен ұстады. Бұл Мейрамбек жәй судья емес, Жоғарғы соттың алқа мүшесі, судьялардың біліктілігін анықтайтын комиссия мүшесі, яғни, кез келген судьяның мансапбының өсуіне тікелей ықпал жасай алатын лауазымды тұлға еді. Сол қызметін пайдалана отырып, Түркістан облысы жастар ісі жөніндегі аудан аралық судьясынан,  кезекті аттестациядан өткізу үшін,  25 мың доллар пара талап етіп, әлгі параны алып жатқан тұсында қолға түскен. Бұл Мейрамбектің аты,  бір кездері, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті соттағанда шыққан болатын. Кәзір өзінің үстінен сот ісі жүріп жатыр.

Ал, жоғарыда еске түскен, Сайлаубек Жәкішев туралы бірер сөз. Бұл жемқор 2012 жылы ұсталып, 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда, ол мерзімнің төрт-ақ жылын түрмеде өткізіп, қалған мерзімі үшін бар-жоғы 500 мың теңге өтемақы төлеп, бостандыққа шықты. Содан бергі бес жыл бойы ел атын да естімей, затын да көрмей қалған Жәкішевтен де жақында хабар келді. Әрине, түрмеден соң тентіреп кетпепті – АҚШ астанасы Вашингтонның іргесіндегі қымбат ауданда «майшелпек» өмір сүріп жатқаны туралы естідік. Жұбайы Бақытжамал Қабікен екеуі тұрып жатқан зәулім үйдің бағасы 2 млн 400 мың доллар көрінеді. Ұлы Әділбек Жәкішевтің осы Америкадағы меншік екі ғимаратының бағасы 5 млн долларды құрайды екен. Бұлардың өзі Америкаға үйір сияқты – Бақытжамалдың әпкесі Раушан Сапардың   әйгілі Манхеттендегі жылжымайтын мүлігі 9 600 мың долларға бағаланады. Күйеуіғ яғни, Сайлаубектің бажасы, Мірболат Әбуов дегеннің 2 500 мың долларлық жылжымайтын мүлкі бар. Бұл Мірболат Тимур Құлыбаевтың, «Алмексті» бірге құрған, сыбайласы.  Міне, жемқор Сайлаубек Жәкішев бүкіл отбасы, туысымен бірге АҚШ-да шалқып-тасып өмір сүріп жатыр. Оның Қазақстаннан алып шыққан қаржысы, қарапайым есеппен, 22 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл,  ақпарат көздерінде ашық жарияланған, бізге белгілісі ғана. Жасырын қалғаны, тіпті, қомақты болар дейміз.

Міне, әділдік іздеген ел жүгініп, қорғаныш табады дейтін сот жүйесінің, оның судьяларының сиқы осындай. Бұл белгілі мысалдары ғана. Ал, ауыл-ауылда, аудан-ауданда, шет жақтарда не болып жатқанын өздеріңіз де түсінерсіздер деп ойлаймын. Солардың арқасында, қаншама жазықсыз жан түрмеде шіріп, нағыз қылмыскердің қаншамасы еркін тайраңдап жүр! Елдегі сот деп аталатын жүйенің шіріп кеткенін бәріңіз де білесіздер. Ал, біз өз басымыздан өткеріп жүрміз. Кейінгі кездері Демократиялық партияға қысым күшейе түсіп, біз әлсін-әлсін абақтыға қамалып жатырмыз. Мысалы, мені соңғы екі-үш айда үш рет қамады. Бір ретте де, заңмен қарастырылған, адвокатыма хабарласу мүмкіндігін бермеді.  Менің адвокатты талап еткенімді де, соққыға жығылғанымды да естіменген, көрмеген кейіп танытады. Меңіреу, соқыр тас мүсін секілді. Бар бітіргені –  екі-үш минут ішінде, прокурор сұраған мерзімді бекіте салады.  Бұл тек менің ғана емес, мен сияқтылардың бәрінің де басына түскен жағдай.

Енді қайтеміз? Жемқор жүйенің парақор соттарының шылауында жүнжіп жүре береміз бе?

Жүнжімей, бос жүргіміз келмесе, сайлауы таза, соты әділ, жөн-жосығы дұрыс қоғамда, қауіпсіз елде өмір сүргіміз келсе,  саясатпен өмір сүруге тырысыңыз. Саясатпен өмір сүру – саясаттың бл ортасында жүру емес, ол саясаттан қалмау, елдегі болып жатқан жаңалықтардан хабардар болу, кімнің кім екенін, кімнің кімнің адамы екенін, кімнің қандай мақсатта жүргенін біліп отыру. Елге ортақ бір мәселеге қатысты митинг болса, кімнің ұйымдастырғанына қарамастан, шығу керек, билікке өз талабыңды қоюуың керек. Баянды өмірге сонда ғана жетеміз!

Ал, елдегі сот жүйесі, жалпы саяси-экономикалық жүйенің өзі тәрізді,  әбден іріп-шіріп кеткен. Оны түзейтін өзіміз ғана! Сондықтан, саясатқа араласыңыздар, елдегі әр оқиға сіздердің назарыңыздан тыс қалмауы керек!