Жоба

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯНЫҢ САЯСИ БАҒДАРЛАМАСЫ

Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, еркіндік, әділдік және ынтымақтастық идеалдарына қол жеткізу мақсатында біріккен, мемлекетіміздің шынайы саяси және экономикалық жағдайын терең түсінетін, Отанымыздың тағдыры үшін жауапкершілік алуға дайын Демократиялық партияны құрамыз және халыққа өзіміздің бағдарламамызды ұсынамыз.


Біздің мақсатымыз – адам құқықтары сақталатын, заң үстемдік құратын, азаматтар өздерінің саяси көзқарастары, өмірлік позициясы және пікірін ашық айтқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырамайтын, шынайы тәуелсіз, күшті, экономикалық дамыған мемлекет құру.


Еліміздің болашағы тарихи өзгерісті іске асырушылар ретінде, азаматтық қоғамның біртұтас бөлігі – адамдардың қаншалықты белсенді болуына тікелей байланысты.


Бүгінгі күні Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланғанына 28 жыл ішіндегі ең күрделі кезеңнің алдында тұр. Елдегі қазіргі жағдайдың ерекшелігі – режим басшылары қысқамерзімді транзит имитациясы жасағанын көрсетуге тырысқанымен, шын мәнінде, нағыз реставрация жүргізіп отырғаны анық. Ескірген компрадорлық, жемқорлыққа батқан саяси жүйе, ашығын айтқанда, бізді шіріген, ескілікті қорғайтын тоқырау кезеңінің бір түріне қайтып әкелді.


Азаматтардың өмір сүру деңгейі жылдан жылға төмендеп бара жатыр, ал үкімет осы жағдайдан шығу жолын таба алар емес. Мемлекеттік бағдарламалардың басым көпшілігі іске аспай, көпшілігі қағаз бетінде қалуда.


Қазақстандықтар негізгі азаматтық құқықтардан, сөз бостандығынан бастап, белсенді және пассивті сайлау құқықтарынан айырылған. Жылдан жылға саяси құқықтарды шектейтін заңдар одан әрі қатаң болып келе жатыр. 2018 жылдағы Демократия индексінде ҚР 167 ел ішінде 145 орынға құлдырады.


Үкімет өзекті мәселелерден өзін оқшаулап, шынайы өмірден байланысын толық үзді.


Демократиялық партия саяси модернизациясыз не дамыған экономика, не адам құқықтарының сақталуы, не мәдениеттің көркеюі, не сапалы білім беру және денсаулық сақтау болуы мүмкін емес деген қағидаға сүйенеді.


Мұны қазіргі режимнің 29 жыл бойы басқаруының нәтижесінде елді қазіргідей тоқырауға түсіруі дәлелдеді.


          Біз мынадай қоғам құрғымыз келеді:


ең сыйлы адамдар – лайықты еңбекақысын алатын мұғалімдер мен дәрігерлер, ал жемқорлар – мерзімінен бұрын босату құқығынсыз түрмеге отыратын жиіркенішті кісілер болатын;
зейнеткерлерге, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілетін;
азаматтар өз үкіметін еркін сынай алатын, соның ішінде, митингілерде, оған рұқсат сұрамай-ақ шығып және қуғын-сүргін мен жазалаудан қорықпайтын;
үкімет маңызды, елдің тағдыры шешілетін құжаттарды қабылдамас бұрын халықтың келісімін жалпыұлттық референдумда алатын;
саяси партияларды құру үшін кедергілер жоқ және сайлауда өз үміткерлерін ұсынуға шектеулер болмайтын;
ел президенті, депутаттар және соттар қылмыстық жауапкершіліктен қорғалмаған және заң алдында қарапайым азаматтармен тең құқылы;
халықтың ел президентіне импичмент жариялауға мүмкіндігі бар және Парламент депутаттарын кері шақыртуға құқы берілген, билікті заңсыз басып алғысы келген жағдайда, азаматтық қарсылық акцияларын өткізу арқылы оған кедергі жасай алатын.
Әлеуметтік-саяси дағдарысты еңсеру үшін партия нақты не ұсынады?
Ең бастысы – өзгерістерді жиырма тоғыз жылда Қазақстанды табысты елге айналдыруға қабілетсіз екенін дәлелдеген билік жүйесін ауыстырудан бастаған жөн. 

Келесі қадам – дереу саяси реформаларға кірісу, яғни, бірінші кезеңде мына істерді жүзеге асыру:

  • азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің сақталуына кепілдік беретін, ат төбеліндей топ билікті заңсыз басып алған жағдайда, билікті ауыстыру құқығын қамтамасыз ететін Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау;
  • бұрынғы президенттің айрықша мәртебесі мен құзіретіне қатысты конституция баптарын, заңдарын және басқа да нормативтік актілерді жоққа шығару (Тұңғыш президент, елбасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы туралы);
  • президенттік басқару формасынан парламенттік-президенттік басқару жүйесіне ауысу;
  • көппартиялық жүйені дамыту, саяси партияларды тіркеу кезіндегі шектеулерді жою және процедураларды жеңілдету;
  • БАҚ жұмысында шынайы тәуелсіздікті қамтамасыз ету, астыртын цензураны түп-тамырымен жою, мемлекеттік тапсырыстан бас тарту, журналистердің жұмысында жала жабуды қылмыс деп танымау;
  • ашық әрі бейбіт митингілер өткізуде азаматтық белсенділікті шектемеуге және үкімет азаматтарға өздерінің билікке және оның саясатына наразылығын ашық айтуға тыйым салмауы тиіс; 
  • сот жүйесінің атқарушы билікке тәуелділігін тыю;

Аталған шараларды жүзеге асыру жемқорлықпен күрес тәсілдерін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Жаңа жағдайда пара алуға ниеттенгендер азаматтық қоғамның, тәуелсіз БАҚ-тың және заңды түрде қызмет атқаратын үкіметтің қатаң бақылауында болады. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі мұның жемқорлықпен күресудің ең тиімді жол екенін көрсетті.


Негізгі мақсат – азаматтық қоғамды біріктіріп, көпшіліктің қолдауымен билікті өз еркімен, қантөгіссіз кетуге мәжбүрлеу. 


Беделді халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан авторитарлы режимдегі мемлекет болып табылады. Қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту қажет, себебі қазіргі жүйені сақтау болашағымызға зор қатер төндіреді.

МЕМЛЕКЕТТІК-САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ ӨЗГЕРУІ.
Парламенттік-президенттік басқару формасына ауысу.

Қазіргі президентік басқару формасы өзінің халық мүддесіне қарсы болмысын және келешегі жоқ екенін көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, бұл ірі қателіктермен болса да, экономикалық реформаларды тез жүргізу қажеттілігімен ақталса, уақыт өте келе, сыбайластар тобының билікті басып алу құралына айналды. Барлық билік, өкілет бұрынғы президенттің қолында еді. Ол өз қалауымен маңызды шешімді қабылдап, оның азаматтар мүддесіне сай болу-болмауымен санаспауға да мүмкіндік берді. Парламент сән үшін жасалған декорацияға айналды. Билік тармақтарының бөліну жүйесі де-факто жұмыс істемейді. Дәл сол себептен, келесі қадамдарды іске асыру қажет:


референдумда Қазақстанды парламенттік-президенттік республика ретінде бекітетін жаңа Конституция қабылдау керек. Парламент үкіметті жасақтау және бекіту құқығына ие болуы қажет. Атқарушы билік тармақтарын қадағалау және оны басқару министрлер кабинетіне көшуі керек;
жергілікті өзін-өзі басқаруды толық енгізу, ондағы билік өкілдерінің ашық әрі әділ таңдалуын қамтамасыз ету;
президенттің өкілетін барынша шектелуі тиіс. Мемлекет басшысының заңдарға қол қою функциясы, заң жобаларына вето жариялау құқығы, сайлаудан кейін бір ай ішінде Үкіметті екі мәрте де құра алмаған жағдайда парламентті тарату құқығы, мемлекеттік ордендермен марапаттау, рақымшылық жасау құқығы және т.б. салтанатты міндеттері сақталуы керек;
мемлекетке опасыздық, құзыретті асыра пайдалану және жемқорлық фактілерін тексеретін Мәжіліске парламенттік комиссия құру құқығын беру;
бұл депутаттарға атқарушы билік органдарын бақылауды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді;
президентті және депутаттарды қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы заңнан бас тарту.


Бұл барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар, қызметтік жағдайын пайдалану қаупін төмендетеді.


Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатты тарату қажет. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Қазіргі жағдайда парламенттің жоғарғы палатасының терең саяси мәні де, заңды-теориялық негіздемесі де жоқ құрылым екені анық.

Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу.

«Сайлау туралы» қазіргі заң саяси күштердің сайлау процесіне қатысуын барынша шектейді. Нәтижесі – жекелеген топтардың билікті басып алу мүмкіндігін күшейтті, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалтты, және соның ішінде, сайлау процедурасын мазаққа айналдырды. ҚР азаматтары сайлауды тиімді бақылау тетігінен ғана емес, өздері қолдайтын өкілдерді таңдау мүмкіндігінен де айырылған. Осыған байланысты, сайлау заңнамасын түбегейлі реформалау қажет. Бұл үшін қажет:


президенттікке үміткер ретінде сайлауға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға мүше емес азаматтардың да қатысуға құқы болуы керек;
ашық тізім механизмін енгізу шартымен парламенттік сайлаудың пропорционалды жүйесін сақтау. Бұл дегеніміз, азаматтар қандай да партияның ішінен өздері қолдайтын үміткерлерді таңдап, сенбейтін үміткерлерін сызып тастай алады. Сонда парламентке, ең алдымен тізім ішінде сайлаушылардың қолдауына ең көп ие болған үміткерлер өтетін болады. Осылайша, тізім бойынша депуттардың орынды сатып алу ықтималдығы жойылады; 

депутаттардың елу пайызы мажоритарлы жүйе бойынша парламентке сайлануы тиіс; 

саяси партиялар үшін парламентке өтетін межені үш пайызға дейін төмендету керек, бұл тіпті азшылықты құрайтын саяси күштердің өзіне қажетті өкілдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Партиялардың өзара және саяси, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен блоктарды, альянстарды, коалицияларды құру мүмкіндігі туралы норманы енгізіп, ортақ сайлау тізімін құру арқылы Мәжіліс сайлауына қатысуды қамтамасыз ету керек.


Орталық сайлау комиссиясы парламенттік те, басқа да тіркелген партиялардың өкілдерінен құралуы керек. Осылайша, барлық партияларға сайлауға тең деңгейде және ашық қатысуға мүмкіндік беретін, сайлау процесін ашық бақылауды қамтамасыз етуге болады.

Саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізу.

Партиялар туралы қазіргі заңда азаматтардың өз мүдделерін қорғау мақсатында саяси ұйымдарды құруына мүмкіндік бермейтін көптеген тосқауылдар бар. Партия мүшелерінің міндетті санынан бастап, әртүрлі бюрократиялық процедураларға дейін, үкімет саяси алаңда өзіне үстемдікті барынша қамтамасыз ету үшін және шынайы бәсекелестікті болдырмау үшін бәрін жасады.


Партияны тіркеу үшін қажетті мүшелерінің санын 500-ге дейін төмендету керек. Осылайша, қоғамның әртүрлі топтарына саяси өмірге еркін қатысу мүмкіндігі беріледі.


Әділет министрлігі жиналған қолдарды бір ай ішінде тексеруге міндетті. Мұндай талаптың жоқтығы үкіметке бұл процесті шексіз созуға мүмкіндік береді, осылайша ол ұзақ жылдарға жалғасуы мүмкін.


Саяси партиялардың атауына қатысты кез келген шектеулерді алып тастау керек. Мұндай айла-әдістер тіркелу процесінің қиындауына әкеледі. Басқа саяси күш немесе қоғамдық бірлестіктің атына «ұқсас» деген негізде ғана партияны тіркемеуге болады.

Бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз ету.

Еліміздің Ата Заңында көрсетілген норма болғанына қарамастан, қазіргі билік азаматтарды іс жүзінде бейбіт жиындар өткізу мүмкіндігінен айырды. Түрлі бюрократиялық және заңнамалық шектеулер азаматтардың өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, «Бейбіт жиындарды өткізу тәртібі туралы» заңға күрделі өзгерістер енуі тиіс. Атап айтқанда:


бейбіт жиындарды өткізу тәртібін рұқсат алу жүйесінен ескерту түріне ауыстыру. Азаматтар көпшіліктің қатысуымен іс-шара өткізгісі келген жағдайда, мемлекеттік органдардан рұқсат сұрауға міндетті емес. Олар тек қана жергілікті органдарды іс-шараның өтетін орны, уақыты және қатысушылардың болжалды саны туралы хабардар етуі тиіс. Бұл полиция қызметі тарапынан тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет;
жергілікті органдар акцияның азаматтар көрсеткен орында өткізуіне рұқсат бермеген жағдайда, олар көпшілік қатысатын іс-шараны өткізу үшін жұртшылық қалаған орынға тең келетіндей жер беруге тиіс.

Сөз бостандығы мен ақпарат еркіндігін қорғау.

Біздің елімізде сөз бостандығы мен ақпарат еркіндігі атымен жоқ. Сөз бостандығы индексінде біз 180 елдің ішінде 158 орында тұрмыз, яғни, еліміздің азаматтарына объективті және тәуелсіз дереккөздері қолжетімсіз деген сөз. Осыған байланысты, келесі қадамдары іске асыру қажет:


БАҚ ашу және жұмыс істеу тәртібін толық жеңілдететін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Бұл өз кезегінде жеке және заңды тұлғаларға тәуелсіз БАҚ ашуына мүмкіндік береді;
жала жабу және араздық тудыру баптарын қылмыстық кодекстен алып тастау, себебі, үкімет бұл баптарды саяси қуғын-сүргін үшін жиі қолданады;
сонымен бірге, журналистік қызметті жүзеге асыру кезінде кедергі келтіргені үшін қатаң жаза қолдану. БАҚ қызметкерлерінің қоғам үшін маңызды ақпаратты еркін алуына құқығы болуы тиіс.

Саяси процестегі оппозицияның рөлін күшейту.

Демократиялық мемлекетте парламенттік оппозиция атқарушы билікті қадағалау функциясын орындайды. Олар азшылық мүддесін қорғауға, өз саяси бағдарламаларын ұсынуға, сонымен қатар, мемлекеттік бюджет шығындарын бақылауға мүмкіндік беретін өкілеттікке ие болуы тиіс. Сондықтан оппозицияның саяси процеске толыққанды қатысуын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін «Парламенттік оппозиция туралы» заң қабылдау қажет. Бұл заңға келесі мәселелер енгізілуі тиіс:


парламенттік оппозиция өкілін Есеп комитетінің төрағасы етіп тағайындау; Оппозиция қадағалау функцияларын, оның ішінде бюджеттік қаржыны бөлу және игеру жағын тиімді орындайды, себебі, саяси бәсекелестік бұл функцияларды дұрыс орындауға ынталандырады;
сөз бостандығы, сонымен қатар, регламент мәселелері бойынша парламенттік комитеттер төрағаларының лауазымдарын оппозиция өкілдеріне беру; Оппозиция өкілдері бірінші кезекте сөз бостандығын қамтамасыз етуге, заңнамалық органның регламенттік процедураларының бұзылуын тоқтатуға мүдделі болады.

ЗАҢ САЛАСЫ

Заң үстемдігі – қоғамның демократиялық дамуына ықпал ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, экономикалық дамуға қажетті және қолайлы инвестициялық климаттты қалыптастыратын негізгі шарттың бірі.


Тәуелсіз әрі әділетті сот жүйесі және құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы жемқорлық деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Дәл сол себептен, өзіне деген сенімді түгелдей жоғалтқан елдің заңдық саласы ауқымды өзгерісті қажет етеді.

Сот реформасы.

Сот жүйесі – заңның үстемдік етуіне кедергі келтіретін басты тосқауылдардың бірі. Біздің азаматтар сот жүйесіне сенуден қалған. Жүйе қағазбастылыққа, жемқорлыққа батып, рейдерлікке жол бергенімен қоймай, соттардың өзі саяси астары бар шешімдер шығарады. Соттар, іс жүзінде, биліктегі шенділердің өзінің саяси қарсыластарын және экономикалық субъектілерді қудалайтын «шоқпарға» айналды. Күрделі реформалардың қажеттілігі ешқандай күмән тудырмайды.


Соттарды лауазымдарына тағайындау тәртібін өзгерту керек. Қазіргі сот жүйесі тәуелсіздік қағидасын ұстанбайды. Жоғарғы сот кеңесі, сот лауазымына үміткерлерді іріктейтін ғана емес, сонымен қатар, сот жүйесін қадағалайтын жалғыз органға айналуы тиіс. Кеңес 25 мүшеден тұруы қажет, оның жартысы парламенттік оппозиция өкілдерінен іріктелуі керек. Жоғарғы сот кеңесінің мүшелері қандай да болмасын саяси партиялардың мүшелері болмауы тиіс. Олардың заң саласында жоғары білімі болуы керек (магистрден төмен емес), бедел-абыройы мінсіз, мемлекет органдардан тыс жерде үлкен тәжірибесі бар адамдар болуы қажет.


Жоғары сот кеңесі соттарды іріктеу бойынша Жоғары біліктілік комиссиясын құруы керек, оған кәсіби заңгерлер, психологтар және басқа да сарапшылар кіретін болады. Олар тікелей сот қызметіне үміткерлерді іріктеумен айналысып, оларды Жоғары сот кеңесінің қарастыруына беруі керек. Жоғарғы сот кеңесі үміткерлерді мақұлдағаннан кейін, оларды тағайындау туралы ұсынысты президентке жолдайды. Президент Жоғары сот кеңесінің мақұлдауынсыз әрі Жоғары сот кеңесі қолдаған кандидатты сот етіп тағайындаудан бас тарта алмайды. Жоғарғы сот кеңесінің өзі шешімді мүшелерінің 2/3 дауысымен қабылдауы тиіс.
Сот құрамын толықтай кадрлық жаңарту қажет. Оның үстіне, жаңа соттар қазіргі сот жүйесінің де, қазіргі құқық қорғау органдарының да қызметкерлері болмауы тиіс. Ең алдымен, сот қызметіне ғылыми және заң қауымдастығының өкілдерін іріктеу керек. Ауқымды, кең білім қорымен қатар, бұл адамдардың жұмыс тәжрибиесі де үлкен болуы керек.


Жаңа институт – Жоғары Сотқа қарасты Этика бойынша комитет құру қажет. Бұл комитет, жазаны жұмсарту бойынша ұсыныстарды этикалық және гуманитарлық себебі дәлелденсе қабылдайды, ол адам құқығы бұзылу фактісі расталған жағдайда ғана іске асады. Этика комитеті сотталушының арызы бойынша сот ісіне қатыса алады, бірақ тек сотталушы қылмыс жасағанын мойындаған жағдайда ғана.


Конституциялық кеңесті жойып, Жоғары соттың Арнайы Алқасын құру керек. Бұл Алқа мемлекеттік билік органдарының Ата заң нормаларын сақтауын қадағалайтын, сонымен қатар, заңнамалық актілердің Конституция мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға, пактілерге және басқа да келісімшарттарға сәйкестігін тексеретін болады. 

Прокуратура органдарының реформасы.

Қазіргі кезде, Прокуратура билікке жағымсыз тұлғалардың ізіне түсу үшін пайдаланатын репрессивті органның біріне айналды. Нәтижесінде, бұл институтқа сенім жоғалды, жемқорлық деңгейі жоғары, және оның қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін шектен тыс пайдалану фактілері аз емес.
Бұл органның өкілеті тергеу іс-әрекеттерінің заңдылығын қадағалау және жазаны орындау, сонымен қатар, соттарда айыптауды қолдаумен шектелуі тиіс. Тергеу функцияларын басқа құқық қорғау органдарына берген дұрыс.


Прокуратура қызметі кадрлық жаңартылуы қажет. Бұл үшін қайтадан аттестация жүргізіп, қызметкерлер штатын қысқарту керек.

Полиция реформасы.

Бүгінгі таңда полиция және басқа да ішкі істер органдары сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан қызметке айналды. Халық арасында бұл институтқа деген сенім өте төмен. Полиция терең реформаларды қажет ететін орган екені анық.


Полицияны кадрлық жаңарту қажет. Жаңа полиция қызметкерлері талаптары қатаң, соның ішінде, психологиялық тексерістен өткізіліп, байқаудан іріктеліп таңдалуы тиіс.


Полиция штатын екі есе қысқарту керек. Бүгінгі таңда Қазақстан полиция саны бойынша 100 000 адамға (600 адамнан артық) әлемде жетекші орындардың бірінде. Сөйте тұра, полиция жұмысының тиімділігі төмен деңгейде. Бізге 100 000 адамға 228 полиция қызметкері жалпы әлемдік көрсеткіштеріне жақындау қажет. Полиция қызметкерлерін ауқымды қысқарту бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді, ал ол үнемделген ақшаны қалған қызметкерлердің еңбекақысын көбейтуге және оларды әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсауға болады. Олардың экономикалық әл-ауқатының жақсаруы қызметкерлердің өз міндеттерін әлдеқайда тиімді және адал атқаруға ынталандырады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерін әлеуметтік көмекпен, соның ішінде, өмірін сақтандырумен қамтасыз еткен жөн.

Полицияның техникалық жабдықталу деңгейін көтеру қажет.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының реформасы.

Қазіргі таңда, ұлттық қауіпсіздік органдары режимнің басты қудалау құралы болып табылады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, барлау және қарсы барлаумен айналысудың орнына, олар билік қарсыластарын саяси аңду және қудалау органына айналды.


Осыған байланысты, келесі қадамдарды іске асыру қажет:


ұлттық қауіпсіздік органдарының тергейтін құқық бұзушылықтарын айқын заңнама түрінде анықтау арқылы бұл құрылымның өкілеттілігін шектеу. Олар тек қана сыртқы барлау және қарсы барлаумен айналысуы және терроризмен күресуі тиіс;
ұлттық қауіпсіздік органдарын заңда қарастырылмаған функцияларды атқару үшін пайдалануға мүлдем тыйым салу.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Қазақстандағы жемқорлық – қазіргі таңдағы ең негізгі мәселе. Жемқорлықтың деңгейін өлшейтін индексте біздің еліміз 180 орынның ішінде 123 орында тұр. Ол өмірдің барлық салаларына сіңіп кеткен, ал онымен күрес тек формалды түрде жүзеге асырылады, былайша айтқанда, оны «көзбояушылық» деуге болады. Осыған байланысты, біздің жағдайымызда негізгі мақсат – бұл құбылыспен кең ауқымды және радикалды күрес болып табылады.


Заңсыз байығаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің табыстары мен мүлігін көпшілік алдында декларациялау институтын енгізуді қажет етеді. Мемлекеттік қызметкерлердің өмір сүру деңгейі олардың табыстарымен сәйкес келмеген жағдайда, олар қаржы көздерінің заңдылығын дәлелдеуі керек. Дәлелдей алмаған жағдайда, қылмыстық қудалауға ұшырайды.


Пара берушінің жауапкершілігін алып тастаған жөн, себебі, осылайша, екі субъектіні біріктіретін жемқорлық қылмысының шеңбері үзіледі. Қазіргі жағдайда, көбінесе пара берушілер пара алушыны жасырады, себебі, қылмыстық жауапкершіліктен қауіптенеді. Мұндай қауіп болмаған жағдайда, пара беруші жауапкершілікке тартылу қаупінсіз, жемқорлық қылмысы туралы шағым жасауға мүмкіндігі туады.


Бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келетін және іс жүзінде жемқорлық фактілерін анықтаумен, оны тергеумен айналысатын жаңа тәуелсіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган құру қажет.


Қазіргі финпол атауымен белгілі орган сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан құрылымдардың бірі, сонымен қатар, ол саяси оппоненттерді қудалау және басқа да экономикалық субъектілерді рейдерлік тарып алу үшін пайдаланылады. Сондықтан, ол таратылуы тиіс.

ЖЕКЕ ТҰЛҒА ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау туралы конституциялық нормаларды сақтау мемлекеттің, барлық мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің басты міндеті болуы тиіс. Бұл мақсат заңдар, институциялық даму мен нақты қадамдар арқылы орындалады.


Қазақстан Республикасы БҰҰ — ға мүше басқа мемлекеттер сияқты Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясын орындауы тиіс.


Еліміз мойнына алған міндеттемелерді халықаралық нормаларға сай орындауы үшін заңдарға, институттар мен қабылданған процедураларға түбегейлі реформалар керек.


Заңдарды реформалау үшін мынадай әрекеттер жасалуы тиіс:


адам құқығы мен бостандығын қорғау үшін бұл мәселеге қатысты заңды әзірлеу және қабылдау концепциясын толықтай өзгерту қажет;
заңдық бірізділік пен нақтылық категорияларын орындау;
дискриминацияға ұшыратпау ұстанымын қабылдау;
қоғамның шешім қабылдау процесіне араласуы;
шешімдерге наразылық білдіруде жылдамдық, уақытында қарастырылу және тиімділік ұстанымын қолдану;
қылмыстық, қылмыстық-процессуалды және қылмыстық-атқару кодекстерін қайта қарау;
террористер мен экстремистер тізіміне азаматтық белсендлерді, қоғам қайраткерлерін, журналистерді, құқық қорғаушылар мен азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын басқа да азаматтарды кіргізбеу, олардың құқығын шектеуді тоқтату (банк есеп шоттарын бұғаттау, жүріс-тұрысын шектеу);
люстрация туралы заң қабылдау; 

Авторитарлы жүйеге қарсы және азаматтардың құқығы үшін күрескен азаматтарға қатысты саяси астары бар шешімдер қабылдаған және қудалауды ұйымдастырған соттар мен мемлекеттік қызметкерлер люстрацияға ұшырауы тиіс.


Институционалды даму үшін мынадай өзгерістер қажет:


тәуелсіз сот жүйесін құру және дамыту, оның ішінде алқа билер сотының құзіретін кеңейту;
ұлттық құқық қорғау ұйымдарын күшейту әрі дамыту, әсіресе адам құқығы жөніндегі Уәкіл институтының заңдық құзіретін кеңейту;
ішкі істер министрлігі жүйесінен қылмыстық атқару ісін шығарып, оны Әділет министрлігінің қарауына беру немесе бөлек Агенттік құру;
адвокатура институтын күшейту;
азаматтық қоғамды бақылайтын органдарды, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін тарату;
тәуелсіз кәсіподақтар құру еркіндігін қамтамасыз ету және олардың сала принципі, жалпыұлттық иерархиялық құрылым ұстанымы бойынша да Конфедерацияға бірігу құқығын беру.

ЭКОНОМИКА САЛАСЫ


Мықты экономикалық базасыз, қоғамның басқа салаларының дамуына қол жеткізу мүмкін емес. 2000 жылдардағы біршама экономикалық өсімге қарамастан, бүгін Қазақстан қалың тоқырауға түсті. Тәуелсіздік алған күннен бастап 28 жыл бойы еліміздің экономикалық әл-ауқатының негізін табиғи ресурстар құрады. Биліктің қолынан экономиканы шын мәнінде диверсификациялау келмеді. Қазақстанға салынатын тікелей шетелдік инвестициялар деңгейі жыл сайын төмендеп барады. Заң үстемдігінің жоқтығы инвесторларды қашырады. Салық жүйесі кіші және орта бизнестің еркін дамуына мүмкіндік бермейді. Кедейшілік шегінен төмен тұратын азаматтардың саны халықтың төрттен бір бөлігінен асты. Экономика қазіргі проблемаларды еңсеруге мүмкіндік беретін жедел шаралар қолдануды қажет етеді. Алғашқы әрекеттерді жүзеге асыру барысында келесі талаптарды ұстану қажет: біріншіден, бюджет қаражатының шығындалуының ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс, екіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың жан-жақты негізделуі және мультипликативті әсері қажет.

Салық реформасы.


Жалпы салық жүктемесі Қазақстанда Батыс елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен деген пікірге қарамастан, қазіргі салық жүйесі экономиканың тиімді дамуына мүмкіндік бермейді және бірінші кезекте, кіші және орта бизнес субъектілерінің дамуына жол ашпайды. Ал кәсіпкерліктің бұл саласы жұмыспен қамтасыз ететін және икемді еңбек нарығының негізі болып табылады. Салықтар саны тым көп, ал оларды басқару – өте күрделі. Салық жүйесінде нормативті реттеуді жеңілдету және жүйелендіру нақты шараларды қажет етеді, атап айтқанда:


қосылған құнға салынатын салықты (ҚҚС) саудадан түскен салыққа ауыстыру қажет. Қазіргі таңда, ҚҚС Қазақстандағы жемқорлыққа әкелетін салық болып табылады. ҚҚС-ты, сонымен қатар, оны жүргізудің қитұрқы және қиын жүйесі енгізіліп, қомақты қаржы заңдастырылып жатыр, осылайша ол мемлекеттік бюджетке түспейді. ҚҚС-тан бас тарту және саудадан түскен салықты енгізу басқару процедурасын елеулі жеңілдетуге, сонымен қатар, оны төлеуден жалтару мүмкіндігін азайтуға мүмкіндік береді;
жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты және әлеуметтік аударымдарды біріктірген жөн, олардың мәні бір. Осыған байланысты, оларды Бірыңғай табыс салығына біріктірген дұрыс, тең шкаламен, көлемі 8 пайыздан аспауы тиіс. Осылайша, салықтар саны қысқарады, ал бұл өз кезегінде, есепті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді, сөйтіп, қолайлы кәсіпкерлік климатты қалыптастырады;
жер салығы мен мүлік салығын біріктіру керек;
кіші және орта бизнес санатына кіретін жаңа өндіріс орындары алғашқы 2 жыл салықтан босатылуы тиіс;
шағын бизнес субъектілерін есепке қою барынша жеңілдетілген және түсінікті схема бойынша жүргізілуі тиіс;
ауылшаруашылық өндірушілері үшін салық мөлшерлемесі экономикалық тұрғыдан ынталандырушы болуы керек және орналасқан жері мен оның сапасына байланысты оларға ерекше жеңілдіктер берілуі тиіс;

маңызды аграралық секторлардағы ауылшаруашылық өндірушілерді қатарынан бес жылға салықтан босату және шетелден әкелетін техникаға баж салығын салмау; 
салық есебін жүргізу және оны басқару жүйесін толықтай автоматтандыру. Салық есебі формаларының санын барынша қысқарту керек, сонымен қатар, оларды төлеу процедурасын оңтайландыру (соның ішінде интернет арқылы).


Қазыналық органдар азаматтарға сапалы қызмет көрсететін көпфункциялы орталықтарға айналуы тиіс. Қазыналық органдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында оларды қайта аттестациядан өткізу қажет.

Жекешелендіру.

Бүгінгі таңда, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектор, ел экономикасының 60% құрайды. Бұл елдің әлі күнге дейін негізінен әкімшілік-бөлу жүйесі жағдайында өмір сүріп келе жатқанының дәлелі. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мардымсыз. Ұлттық компаниялар мемлекеттік бюджеттен үлкен шығындарды қажет етеді, ал басқаруы тиімсіз. Іс жүзінде олар монополияға айналып, бәсекелестікке жол бермейді.


Самұрық-Қазынаның құрамына кіретін ұлттық компанияларды жекешелендіру қажет, тек қана табиғи монополия болуы тиіс компанияларды қалдыру керек.


Жекешелендіруді ашық электронды аукцион жолымен жүзеге асырып, жемқорлық мүмкіндігін жоққа шығаруға болады. Себебі, барлық саудалар ашық жүргізіледі, оған барынша көп тұлғалар қатысады.
Сонымен қатар, бағалардың ретсіз өсуіне жол бермеу үшін, монополияға қарсы қызметтің жұмысын жақсарту керек.


Тұрақты экономикалық дамуды қалыптастыру үшін орта тапты көбейту және кәсіпкерлердің ортасын кеңейту керек. Сонымен бірге, олардың заң шығарушы органда өз өкілдері болуы тиіс.

Жер туралы.

Жердің негізгі бөлігі мемлекеттің меншігінде шоғырланған, ал биліктің аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытуға мүмкіндігі жоқ. АӨК толыққанды жұмыс істеуі, бірінші кезекте фермерлік қожалықтарға және ірі агрохолдингтерге негізделген бәсекелес нарықты құрған жағдайда ғана мүмкін.


Жер телімдері ашық электронды ауқциондар арқылы тек қана ҚР азаматтарына ұзақмерзімді жалға берілуі тиіс. Дегенмен, бір қолға беруге болатын гектарлар санын шектеу қажет.


Ауылшаруашылық жерді жалға берместен бұрын толықтай жер аудитін жүргізу қажет және жұмыс істейтін жер кадастрын құру керек.


Ауылшаруашылыққа арналған, бірақ пайдаланылмаған жерлерді, сонымен қатар, АӨК дамуына және аграрлық өнімнің өсуіне еш себін тигізбейтін латифундистердің жерлері мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Ауыл айналасында бес шақырым жерді мал жайылымы үшін бос қалдыру керек. 
Ата-бабадан аманатқа қалған жер халықтың жеке меншігі болып табылады және шетел азаматтарына сатылмауы әрі жалға да берілмеуі тиіс.

Қайта реттеу және бюрократияның көзін жою.

Жоғары деңгейдегі бюрократизм және осыған байланысты қажетсіз реттеулердің көптігі бизнесті жүргізу үдерісін де, экономикалық қарым-қатынастарды да қиындатып жібереді.


Министірліктер санын азайтып, оларды қамсыздандыруға жұмсалатын қаржы көлемін қысқарту. 

Адам өміріне қауіп келтірмейтін қызмет түрлеріне рұқсат қағаздар мен лицензияларды алып тастау керек.
Мемлекеттік органдарды ауқымды автоматтандыру және сандық жүйеге көшіру қажет. Қазіргі кезде, мемлекеттік мекемелер азаматтардан түрлі инстанциялар беретін құжаттарды талап етеді. Бұл тек қана экономикалық қатынасты ғана күрделендірмейді, сонымен бірге, адамдардың күнделікті өмірін де қиындатады. Бұл мәселені шешу үшін басқару жүйесіне ауқымды өзгерістер қажет. Мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі электронды түрде көрсетілуі тиіс. Барлық мемлекеттік органдар үшін Бірыңғай деректер қорын құру керек. Оның ішінде елдің барлық жеке және заңды тұлғалары туралы ақпарат болады. Осылайша, әртүрлі анықтамалар мен басқа да құжаттарды жинау қажеттілігі жойылады. Сонымен қатар, тендерлер мен байқауларға түскісі келетіндер үшін қазіргіден оңай және ашық қатысуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу Порталын іске қосу қажет.


Бизнесті мемлекеттік органдардың тексерісі мен соқтығуынан құтқару керек. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін тексерістер екі жылда бір рет, ал ірі бизнес үшін жылына бір реттен артық емес жүруі керек. Оның үстіне, лауазымдық өкілетті асыра пайдалану мен жемқорлыққа жол бермеу үшін тексерістің өзі мұқият аудио-және видеоға жазылуы тиіс.

Мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру.

Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарда жемқорлықтың кең белең алуының маңызды себептерінің бірі – осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақасының төмен болуы.


Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын кемінде бірнеше есе көтеру қажет.


Мемлекеттік қызметкерлердің санын түбегейлі қысқарту керек, себебі, шенеуніктер саны қажеттен тыс көп. Осыдан босаған қаражат, қалғандарын материалды ынталандыруға бағытталуы тиіс.


Қызметкерлердің осы санатының, соның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақасын көтеру, тек қана объективті экономикалық және әлеуметтік қажеттілік емес, сонымен бірге, жемқорлық деңгейінің төмендеуінің кепілі.


Әскери қызметкерлердің материалдық қамсыздандырылуын ойластыру қажет. Жалақыларын бірнеше есе көтеріп қана қоймай, алдымен қызметтік тұрғын үйді, содан кейін жеке меншік үйінің берілуін қарастыру керек.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Білім беру

Елдегі білім сапасын жақсарту үшін оқыту стандарттарын жоғарылатумен шектелмей, сонымен қатар, білім беретін мекемелерді қаржыландыру және басқару процесін түбегейлі өзгерту арқылы іске асыру мүмкін.
Жаңа мектептер мен мемлекеттік балабақшалардың санын тез арада көбейту керек. Барлық оқушыларды қажетті оқулықтармен және тегін тамақпен қамтамасыз ету қажет.


Мектеп директорларын сайлау мүмкіндігін ата-аналар комитетіне тапсыру керек. Осылайша, өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасады. Жоғары оқу орындарының санын қысқартып, оқу орындарындағы білім сапасын жақсарту қажет. Кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарының базасын жаңарту керек.

Денсаулық сақтау.

Еліміздегі медицина деңгейі көңіл көншітерліктей емес. Денсаулық сақтау саласында басқару үдерісін, сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жүйелі реформа қажет.
Міндетті медициналық сақтандыруды енгізіп, жұмыс істету керек. Әлеуметтік қорғалмаған және күн көрісі төмен адамдар үшін оны мемлекет тегін қамтамасыз етеді. Сақтандырудың өзі, косметология мен стоматологияны қоспағанда, барлық медициналық қызметтерді қамтиды, оның ішінде, жылына бір рет толықтай тексерілу де кіреді.


Адам аз тұратын мекендерде күрделі емес медициналық көмекті көрсетуді қамтамасыз ету, ауылдарда, елді мекендерде және аудандық орталықтарда медициналық қызметкерлердің сапалы қызметін көрсету. Барлық ірі елді мекендерде жоғары білікті дәрігерлер болуы керек, ал ауруханалар мен емханалар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына көмек туралы
Қазіргі кезде мемлекеттік бюджеттің үлкен бөлігі тиімсіз жұмсалып, оны көбінесе түкке қажеті жоқ даңғаза іс-шараларды өткізуге шашуда. Бұл шығындар дереу қысқартылып, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобын қаржыландыру үшін бағытталуы тиіс. Ол топқа – жетім балалар, көпбалалы аналар, мүгедектер және жалғызбасты аналар жатады.


Әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсарту көлік шығындарын, білім гранттарын (тегін балабақша, медициналық қызмет көрсету және т.с.с.) және басқа да ақшасыз жеңілдіктерді беру арқылы іске асуы керек.


Азаматтардың әл-ауқаты деңгейін заңды жұмыс беру арқылы, лайықты жалақымен алу және өз біліктілігін көтеру арқылы өсіру қажет.


Мүгедектігі бар адамдарды, жалғызбасты аналарды және түрмеден шыққан адамдарды жұмысқа алған кәсіпкерлерді ерекше ынталандыру.

РУХАНИ-МӘДЕНИ СӘЙКЕСТІК
Мемлекеттік тіл туралы

Қазақ тілінің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі күшейді. Тілдің қолданылу аясының кеңеюі әрі оның кәсіпкерліктің, қаржының, экономика мен ғылымның тіліне айналуы — қазақ тілін үйренуге деген құлшынысты арттырады. Мемлекеттік қызметкерлер, жоғары лауазымдыларынан бастап қатардағы шенеуніктерге дейін мемлекеттік тілді үйреніп, іс-қағаз жүргізе алуы тиіс. Парламент пен үкімет отырыстары мемлекеттік тілде өтуі заңдылық.


Әрине, жиналып қалған проблемаларды шешудің жолы бұл ғана емес. Бірінші кезекте, тілді үйрету орталықтарының санын көбейту керек. Орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сағатын арттыру қажет. Мемлекеттік тілді үйрету сапалы әрі жан-жақты болу үшін жаңа оқулықтар шығарып, қызықты әрі мазмұнды кітаптардың санын арттыру керек. Ғалым филологтардан және сарапшы мамандардан тұратын беделді комиссия құрылып, қазақ тілін үйретуде жаңа әрі тиімді әдістеме дайындау жұмысын бастау аса қажетті қадам болмақ.

Сәйкестік туралы

Бүгіндері Қазақстан аумағынан шетте 5 миллионға тарта қазақ тұрады. Бұл бірқатар жоғары дамыған еуропалық мемлекеттер халқының санымен бірдей. Қай тұрғыдан алсақ та, біз шет елдегі қандастарымыздың үлкен потенциал екенін түсінуіміз тиіс.


Тәуелсіз мемлекеттілігіміз орнаған күннен бастап, Қазақстанға 1 миллионға тарта қандасымыз оралды, бірақ басым көпшілігі әлі де сыртта өмір сүруде. Барлық бюрократиялық қиыншылықтарды жойып, азаматтық алудың заңдық негіздерін жеңілдетіп, тарихи Отанына оралған азаматтарға барлық жағдай жасалуын ойластыру қажет.


Бұл мәселе жаңа геосаяси әрі гуманитарлы жағдайлар туындаған бүгінгі күні аса өзекті болып отыр.
Шыңжаң (ҚХР) қазақтарының алдында болу я бордай тозу мәселесі тұр — олар этникалық, мәдени және діни сәйкестігінен айрылуы мүмкін. Бұл гипотетикалық проблема емес, өмірдің шынайы жағдайы. ҚХР қазір экономикалық даму үстінде, оның держава болуына кедергі болатын фактор жоқ. Олар сепаратизм мен экстремизмді сылтауратып, бұл мәселеге қарсы күресті күшейтетіні анық. Мұндай қатерлі шақта, тарихи жауапкершілікті сезініп, гуманизмді жоғары қойып, жалпыұлттық бірлікті көрсетіп, қазақтарды жаппай Қазақстанға көшіру мәселесін көтеруіміз тиіс. Олардың тарихи Отанына оралуы — мемлекеттің міндеті және қазақстандық қоғамның борышы болуы керек.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЛА

Елдегі экологиялық жағдай дабыл қақтыралықтай, қоршаған ортаны тұрмыстық қоқыстар және өндірістік қалдықтармен ластау мәселесі өте өзекті болып тұр және халықтың денсаулығына теріс әсерін тигізуде.
Биліктің олигарх топтарының қолында шоғырлануы Қазақстанның барлық аймақтарында экологияның нашарлауына, жеке корпорациялардың пайдасы үшін азаматтардың таза ауаға, суға, азық-түлікке және қауіпсіздікке деген құқықтары шектелуіне әкеліп соқты.


Халық пен бизнес арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы экологиялық ойлау қабілетін қалыптастыру керек және экологиялық зияны жоқ өндірістерді белсенді қолдау қажет, екінші рет қайта өндіруді және қалдықтарды зиянсыз жоюды ынталандыру керек.


Қайта өндірілетін қуат көздерін барынша пайдалануды, электромобильдерді және гибридті көліктерді, электр самокаттары мен велосипедтерді барынша қолдануды ынталандыру, оларды станционарлық қуаттандыру станцияларымен қамтамасыз ету, автокөліктерді газға көшіру.


Қауіпсіз, соның ішінде радиобелсенді қалдықтарды, зиянды технологияларды және улы өнімдерді елге әкелуді тоқтату.


Пластик, шыны, қағаз бұйымдар, ағаштар жасалған бұйымдарды қайта өндіруді оларға салықтан уақытша босату арқылы және жарнамасын тарату жолымен экономикалық тұрғыдан ынталандыру.


Жануарлар әлемінің сирек кездесетін түрлерін атуға және басқа жаққа әкетуге тыйым салу, керісінше, оларды көбейтуге тырысу.


Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын аймақтар қызметкерлерінің еңбек ақысы деңгейін арттыру және өкілеттігін кеңейту, браконьерлерге және қоршаған ортаға зиян келтіретіндерге қатысты заңдарды қатаңдату.


Экологиялық таза қуат көздерін қолдау.


Біздің елімізде ауаның ластануының басты себептерінің бірі қуатты алудың ескі тәсілдерін пайдалану болып табылады.


Қазіргі қуат көздерін жаңарту, сонымен бірге, жаңаларын құру, бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Жел және күн электр станциялары сияқты, баламалы қуат көздерін салу және пайдалануды ынталандыру қажет.

СЫРТҚЫ ӘЛЕМ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

Әлем елдерінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңалықтың жылдамдығы мен бағыты бұрынғыларға ұқсамайды және оның нәтижесін болжау қиын. Бұл адамдардың өмір салты мен дүниетанымына тікелей әсер ететін қоршаған ортаға да, технологиялық жаңалықтарға да қатысты.


Аймақтың геостратегиялық дамуында жақын тарихи перспективада нақтылықтың болмауы осы жерде орналасқан мемлекеттердің саяси күштеріне шешім қабылдауда үлкен жауапкершілікті міндеттейді.
Қазіргі Қазақстанның геосаяси жағдайында оның сыртқы саясаты барынша ойластырылған, жақсы есептелген және көреген болуы тиіс.


ҚР барлық әскери-саяси альянстардағы, сауда-экономикалық одақтардағы мүшелігін мұқият қайта қарауы керек және бейтарап мемлекет статусын алу мүмкіндігін зерделеу қажет. 


Елдің геоэкономикалық жағдайын бағамдасақ, экономикалық коалициялардың, соның ішінде Еуропа елдерімен, Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді дамыған мемлекеттермен, қажеттілігі байқалады. Соңғы онжылдықтарды объективті тарихи ретроспектива тұрғысынан қарағанда және болашақ тұрақтылық жағдайын ойласақ, Орталық Азия елдерінің аймақтық қауымдастығына жаңа, күшті импульс қажет.
Сыртқы экономикалық әрекет елдің және қазақстандық компаниялардың мүдделеріне қызмет етуі керек. Экспортерларды қолдауды күшейтіп, олардың ұлттық өнімді қосымша құнмен шығаруына жағдай жасап, табиғи ресурстарды сатуды азайту қажет. Бұл ықпалды топтарды шеттету және салықтық заңнаманы қайтадан қарастыру арқылы жүзеге асады.


Шексіз жабық қарыздануды қою керек, ал оны алу қажеттігін парламент мақұлдауы тиіс.
Құндылық пен идеялық бағыттың негізгі мақсаты — Қазақстанның Еуропа Кеңесіне кіруі. ЕК демократия мен адам құқығын, еркіндігін қорғаудағы ең тиімді халықаралық құрал екені анық. Еуропа Кеңесіне кіру арқылы біз адам құқығы бойынша Еуропа сотының заңдылығын, оның біздің елімізде адамның негізгі құқықтарының бұзылуына қатысты істерге байланысты шешімін мойындаймыз.