ҚР жаңа Конституциясының жобасы

фото ашық дерек көзден

Қазақстан Республикасының

КОНСТИТУЦИЯСЫ

Мазмұны

1-БӨЛІМ. Жалпы ережелер

2-БӨЛІМ. Адам және азамат

3-бөлім. Ұлттық құрылтай

4-бөлім. Президент 

5-бөлім. Үкімет

6-бөлім. Сот билігі

7-бөлім. Жергілікті өзін өзі басқару

8-бөлім. Экономикалық база

9-бөлім. Референдум

10-бөлім.Ата заңға өзгерістер енгізу

11-бөлім. Аралық және қорытынды ережелер

1

Қазақстан Республикасының Конституциясы

1-бөлім. Жалпы ережелер

1 — бап

Қазақстан Республикасы республикалық басқару жүйесі орнаған тәуелсіз, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет болып табылады. Биліктің қайнар көзі халық болып табылады.

2-бап.

Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді

3-бап

Қазақстан Республикасы, қазақ ұлтының мемлекеттілік формасы ретінде, өзінің барлық азаматтарына тең құқылыққа кепілдік береді.

4-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі абсолютті және оған қол сұғылмайды. Қазақстан Республикасы қандай да одақтық, конфедеративтік және басқа да кез келген квазимемлекеттік құрылымдардың мүшесі болмайды.

5-бап

Қазақстан Республикасының аумағы, оның су территориясы мен әуе кеңістігін қосқанда, біртұтас және бөлінбейтін бірлікте, ол бөлінбейді және басқа мемлекетке қосылмайды.

6-бап

Қазақстан Республикасы біртұтас мемлекет болып табылады, оның әкімшілік-территориялық құрылымы Конституциялық заңмен анықталады.

7-бап

1. Қазақстан Республикасының заңнамасы осы Ата заңнан, конституциялық заңдардан, кодекстерден, заңнамалық актілерден, сонымен бірге, Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық келісімдерден тұрады

2. Ата заң барлық заңнамалық актілерден басым болып табылады. Бірде бір заңнамалық акт Ата заңға қайшы болуы мүмкін емес

3. Ұлттық құқық пен халықаралық құқық нормалары бір біріне қайшы келсе, халықаралық құқыққа басымдық беріледі.

8-бап

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік Ата заңға және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асады

2. Ешкім де билікті иемдене алмайды

3. Қазақстан Республикасының азаматтары билікті узурпациялауға ұмтылған және оны заңсыз ұстауға тырысқан кез келген адамға қарсы тұра алады

9-бап

1. Биліктің барлық тармақтары заңнамалық, атқарушы және сот ұстанымы бойынша бөлінеді, бір бірін шектейді.

2. Заңнамалық билікті Қазақстан Республикасында Ұлттық Құрылтай жүзеге асырады, атқарушы билік — үкіметте, сот билігі — сотта.

10 бап

1. Жер қойнауының байлығы, жануарлар әлемі, табиғи ресурстар және пайдалы қазбалар Қазақстан Республикасының ұлттық дәулеті болып табылады және қорғауға алынады

2. Жер тек қана мемлекет меншігінде болады.

3. Шетелдік азаматтар, шетелдік заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар жерді жалға да, сатып та ала алмайды.

11-бап

1. Қазақстан Республикасы саяси және идеологиялық әралуандылықты, азаматтардың саяси партияларға және қоғамдық ұйымдарға еріктілік ұстанымында бірігуін мойындайды, әрі оларды еркін құруға және жұмыс жасауға кепілдік береді

2. Қазақстан Республикасында өзінің мақсаты ретінде конституциялық құрылымды төңкеруді, азаматтың құқы мен бостандығын бұзуды, азаматтардың бірқатар тобын кемсітуді, заңды алынған жеке меншікті тартып алуды, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруді, диктатура орнатуды және мемлекеттің зайырлығын жоққа шығаруды көздейтін саяси партиялар мен өзге де құрылымдардың жұмыс істеуіне тыйым салынады

3. Қазақстан Республикасында ұлттық және діни негізде саяси партия құруға, өзге мемлекеттердің саяси партияларының бөлімшелерін құруға, саяси партияларды шет мемлекеттердің азаматтары мен заңды тұлғаларының қаржыландыруына, басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына тыйым салынады

12- бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтардың кәсіптік одақтарға еріктілік негізде бірігуін мойындайды әрі олардың еркін құрылуына және жұмыс істеуіне жол ашады

2. Кәсіптік одақтарды тек қана өздерінің мүшелері және одан басқа ешкім де  қаржыландырмайды.

13-бап

1. Қазақстан Республикасы дін еркіндігін мойындайды, сонымен бірге қандай да діннің сенушісі болмауды да мойындайды, азаматтарға діни ұйымдарға бірігуге жол ашады және оларды еркін құруға, жұмыс істеуге мүмкіндік береді

2. Ешкім де өзінің еркінен тыс діни сенімін, көзқарасы мен нанымын айтуға міндетті емес.

3. Дін мемлекеттен бөлек. Діни ұйымдардың мемлекет ісіне араласуына тыйым салынады.

4. Діни ұйымдар саяси процестерге араласуға, қандай да саяси күш үшін үгіт насихат жүргізуге және оны қаржыландыруға құқы жоқ

14-бап

Қазақстан Республикасы мемлекет аумағынан тыс өмір сүретін этникалық қазақтарға қолдау көрсетеді және олардың тарихи Отанымен байланысын қамтамасыз етеді

15-бап.

Неке, әйел мен ер адамның тең одағы ретінде, Қазақстан Республикасының қорғауында

16-бап

Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдар мен ардагерлерге ерекше қолдау көрсетеді

17-бап

Қазақстан Республикасы сөз бостандығын, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін, сонымен бірге азаматтардың, мемлекеттік немесе әскери құпия болып табылмайтын ақпарат алуын қамтамасыз етеді. Цензураға тыйым салынады

18-бап

1. Қазақстан Республикасы меншік формасының көптүрлігін мойындайды

2. Жеке меншік Қазақстан Республикасының қорғауында, ол тек қана заңның және соттың шешімі негізінде ғана алынады

3. Жеке меншік оның заңды иесінен алынған жағдайда мемлекет оған әділетті өтемақы төлеуі тиіс

19-бап

Жеке меншікке, кәсіпкерлік бастамашылыққа, ынтымақ пен әлеуметтік серіктестікке негізделген әлеуметтік нарықтық экономика Қазақстан Республикасының экономикалық құрылымының фундаменті болып табылады

20- бап

1. Қазақстан Республикасында адамдардың еңбегі мен бостандығы қорғалады, азаматтарды әлеуметтік қорғау қамтамасыз етіледі

2. Мемлекет лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге қажетті еңбек ақы, зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік төлемдерге кепілдік береді

21-бап

1. Қазақстан Республикасының қарулы күштері мемлекеттің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғайды

2. Қазақстан Республикасының Қарулы күштері саяси мақсатта бейбіт азаматтарға қарсы қолданылмайды

3. Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттің қарулы күштері орналастырылмайды

22- бап

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі

2. Қазақстан Республикасы орыс тілін және басқа этникалық азшылықтардың тілдерін сақтауға құқық береді

3. Әрбір азамат өзінің балаларын тәрбиелеу мен үйретуде өзінің ана тілін қолдануға құқы бар

23-бап

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы және оның толық сипаттамасы заңмен бекітілген.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмізі және оның толық сипаттамасы заңмен бекітілген.

3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны және оның толық сипаттамасы заңмен бекітілген

24-бап

Қазақстан Республикасының астанасы Алаш-Орда қаласы болып табылады

2- бөлім

Адам және азамат

25-бап

Адам құқығы мен бостандығы Қазақстан Республикасында ең жоғары құндылық болып табылады. Адам құқығы мен бостандығын бұзу ауыр қылмыс болып есептеледі

26-бап

1. Адам бостандығы Қазақстан Республикасының қорғауында

2. Әрбір адам өзгенің құқығы мен бостандығын сыйлауы тиіс. Ешкім басқа біреуді заңда көрсетілмеген әрекетті жасауға мәжбүрлей алмайды

3. Жекелеген адамдардың бостандығы мен құқығы тек қана заңның негізінде және соттың шешімімен басқа адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау үшін, ұлттық қауіпсіздікті, құқық қорғауды және қоршаған ортаны қорғау үшін ғана шектеледі.

4. Жекелеген тұлғалардың құқығы мен бостандығын шектеу олардың ар-намысына тимеуі, сонымен бірге құқық пен бостандықтың негізін бұзбауы тиіс

27-бап

1. Заңның алдында бәрі тең. Ешкім де өзінің этникалық, нәсілдік ерекшелігі, діни көзқарасы, түсінің айырмашылығы, тіліне, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне, саяси ұстанымына, көзқарасына, мүліктік жағдайына және басқа да ерекшеліктері үшін кемсітушілікке ұшырамайды

2. Біреуге қатысты өшпенділік пен төзімсіздікке тыйым салады. Бұл үшін заң негізінде жауапкершілік көзделеді.

28-бап

1. Әрбір азаматтың мемлекет пен заң тарапынан қорғауға құқығы бар

2. Қазақстан Республикасы өзінің аумағынан тыс жүрген азаматтарын қорғайды

3. Әрбір азаматтың мемлекеттік биліктің заңсыздығынан қорғау сұрауға құқы бар

29-бап

Әйелдер мен ерлердің құқығы бірдей, отбасында да, қоғамдық өмірдің басқа салаларында да.

30 — бап

1. Әрбір этникалық қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы болмаса да және Қазақстан Республикасы азаматымен тікелей туыстық қатынаста болмаса да, егер өзінің шығу тегін дәлелдей алса, Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады

2. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңда көзделген басқа негіздер бойынша да алынады

3. Қазақстан Республикасының азаматтығынан бөлек басқа елдің азаматтығы қабылданбайды

4. Қазақстан Республикасының азаматтығынан ешкім де шығарылмайды, тек қана заң мен соттың шешімі болмаса

5. Қазақстан Республикасының азаматын басқа мемлекеттерге экстрадициялауға болмайды, тек қана заңда көзделмеген жағдай болмаса

31-бап

Әр кімнің де өмір сүру құқы бар. Ешкімді де өмірінен еріксіз түрде айыруға болмайды. Өлім жазасына тиым салынды.

32-бап

Еш бір адамға қатысты денесіне зақым келтіретін жаза, азаптау мен қатыгездік қолданылмауы керек.

33-бап

Еш бір адамды оның  өз еркіне қарсы ғылыми және медициналық сынаққа ұшыратуға болмайды.

34-бап

Әр бір адамның  өзі ар-ожданын, абыройы мен ардақты атын қорғау құқы бар.

35-бап

Әр бір адам өзінің құқы мен еркіндігі бұзылса, сотқа жүгіну және  оны сот арқылы қорғау құқына ие.

36-бап

1. Әрбір адамның  Қазақстан Республикасы территориясында еркін жүріп-тұру құқы бар.

2. Әрбір адамның Қазақстан Республикасы территориясынан кету   құқы бар.

3. Жүріп-тұру еркіндігі  басқа да азаматтардың құқы мен еркін, құқықтық тәртіпті, қоршаған орта мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, тиісті заңдар мен сот шешіміне сәйкес  қана  шектелуі мүмкін.

37-бап

Әр бір адамның сөз бостандығы мен жеке пікірін білдіру құқы бар.

38-бап

1. Әр кімнің жеке басына қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық өмірінің , хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесуінің, телеграф , электронды және басқа да хабарламаларының  құпия сақталуы  және  қорғалуы құқы бар.

2. Еш бір адам да, заң негіздерінен тыс, өзінің жеке басына қатысты ақпаратты жариялауға міндетті емес.

3.  Мемлекеттік билік  органдарының  азаматтар туралы, қылмыстың алдын алуға керегінен бөлек, қандай да болсын  ақпаратты иеленуге, жинауға  және сақтауға құқы жоқ.  

4.  Әр бір адамның  өзінің жеке басына немесе өзінің жақын  туыстарына қатысты ресми құжаттарды  және деректерді  алу, танысу  құқы бар.

5.  Әр бір адамның өзінің жеке басына қатысты қате, жеткіліксіз ақпараттың немесе  заңсыз әдістермен жиналған ақпараттың  қайта түзетілуін немесе жойылуын талап етуге құқы бар.

6. Азаматтар туралы ақпараттарды иелену, жинау және сақтау туралы ереже заңмен анықталады.

39-бап

1. Әр бір адамның жеке бас бостандығы құқы бар. Оның жеке басының бостандығын шектеу тек қана заң негізінде жүзеге асырылады.

2. Негіз боларлық сот шешімінсіз  бас бостандығынан айырылған әр бір адамның, өзін бостандығынан айырған әрекеттің  заңдылығын анықтау мақсатында, сотқа шағымдану құқы бар. Бас бостандығынан заңсыз айырылған  адамның, өзіне келтірілген зиян үшін,  өтем ақы талап ету құқы бар. 

3. Бас бостандығынан айырылған әрбір адамның,  еш кедергісіз және өзіне түсінікті тілде,  өзін не үшін ұстағаны туралы ақпаратты алу құқы бар.

4. Кез келген адамды,  негіз болатын  сот шешімінсіз,  ұсталған уақытынан бастап, қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге ғана  бас бостандығынан айыру мүмкін болады.  Егер де, ұсталған уақытынан бергі қырық сегіз сағат ішінде,  сот уақытша қамауға алу туралы қаулы шығармаса және оған айып тақпаса, ондай жағдайда ұсталған адам дереу босатылуы керек. 

5. Бас бостандығынан айырылған әр бір адамға адамгершілікпен қарау керек, оның құқы мен еркін бұзуға, ар-ожданы мен абыройын қорлауға болмайды. 

40-бап

1. Кінәсін, заңды күшіне енген,  сот кесімі  бекітпейінше, еш бір адам кінәлі деп танылмайды.

2. Қылмыстық істі тергеу   барысында еш бір адам өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес.

3. Еш бір адам істеген әрекеті,  сол әрекет болған кездегі заңға сәйкес, қылмыстық іс-қимыл  деп саналмаған болса, қылмыстық жауапқа тартылмауы керек. Тек қана халықаралық құқық нормаларына сәйкес қылмыс болып саналатын әрекеттер ғана бұған кірмейді. 

4. Еш бір адам істеген бір әрекеті үшін, заңға сәйкес,  сотталған немесе ақталып шыққан болса,   қайтара жауапқа тартылмауы керек.

5. Еш бір адам өзіне және өзінің жақындарына қарсы куә болуға  міндетті емес. 

41-бап

1. Әрбір адамның  қылмыстық өндірістің барлық  кезеңінде өзін қорғау құқы бар.

2. Әрбір адамның сотта өзін қорғау үшін өзін өзі ұсынуға және өз мүдделерін қорғауға құқы бар.

3. Айыптының жеке қорғаушы жалдауға мүмкіндігі болмаса, мемлекет оған, егер айыпты келіскен жағдайда, мемлекеттік қорғаушыны  ұсынуға міндетті.

4. Қорғаушының іс-қимылына араласуға тиым салынады және ондай әрекет  заңмен бекітілген  жауапкершілікке ұшыратады. 

42-бап

1. Әскери қылмыстар, адам баласына қарсы жасалған қылмыстар ескіру мерзімі қолданылмайтын қылмыстардың қатарына жатады.

2. Ескіру мерзімі саяси мотивте құрылған қылмысқа, коррупциялық қылмысқа, мемлекетке қарсы опасыздыққа, терроризмге  және конституциялық құрылым мен ұлттық қауіпсіздікке қарсы   қылмыстарға қатысты қолданылмайды.

43-бап

1. Әрбір адамның өз баспанасына  қолсұқпаушылық  құқы бар.

2. Тұрғынның үйіне сот шешімінің негізінде, немесе қылмыстың алдын алу керек болған, немесе қылмыскерді  құрықтау мақсатындағы жағдайда ғана енуге болады.

44-бап

1. Әрбір адамның  өз ісінің білікті де тәуелсіз, әрі  бейтарап сотта  әділ де ашық,  әрі қалтқысыз қаралуына құқы бар.

2. Сотта істер ашық қаралады. Сот ісін, егер қаралатын іс мемлекеттік немесе әскери құпияға қатысты болса, сондай-ақ, тараптардың талабы бойынша,  жабық түрде өткізуге мүмкіндік беріледі.  

45-бап

Жеке мүлікті ,  егер  олар заттай айғақ ретінде қаралған жағдайда  және тек  сот шешімінің негізінде ғана тәркілеуге болады.

46-бап

1. Шет елдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасы территориясында, заңнамада бекітілген ережелерге сәйкес, баспана  құқын пайдалана алады.

2. Шет елдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға,  Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын,  халықаралық келісімдердің  нормаларына сәйкес, босқын статусы берілуі мүмкін.

47-бап

Әрбір адамның  бейбіт жиналысты ұйымдастырып, оны  өткізуге, сондай-ақ,  оған қатысуға құқы бар. Бейбіт жиналыстар өткізуді ұйымдастыру мен оны өткізу  тәртібі  заңмен бекітіледі.

48-бап

Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға, қоғамдық ұйымдарға, діни бірлестіктерге және кәсіби одақтарға, егер олардың әрекеттері заңға қайшы келмесе, бірігу құқы бар.

49-бап

1. Қазақстан Республикасының,  он сегіз жасқа толған, әрбір азаматының  Президентті, Ұлттық Құрылтайдың, жергілікті өзін өзі басқарушы органдардың депутаттарын сайлау құқы бар.

2. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының азаматтарының  республикалық және жергілікті референдумдарға қатысу құқына  кепілдік беріледі.

3. Сайлау құқы, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған,   сондай-ақ,  өздеріне қатысты соттың айыптаушы шешімі кесілген азаматтарда  болмайды.

50-бап

Қазақстан Республикасының сайлау құқына ие әрбір азаматы,  өзінің машықтары мен біліктілік деңгейіне сай,  мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқылы.

51-бап

1. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының  мемлекеттік билік органдарының, сондай-ақ, мемлекеттік және әскери құпияға қатысы жоқ,  мемлекеттік қызметкерлердің  іс-қимылы туралы ақпараттар алуға құқы бар.

2. Азаматтардың бұл,  осы баптың 1-тармағында көрсетілген, құқы қатарына толығымен немесе ішінара мемлекет меншігіндегі шаруашылық  субъектілерінің іс-қимылы туралы ақпараттар алу құқы да енеді.

3. Ақпаратқа қолжетімдік құқы ресми құжаттарға қолжетімдікті, сондай-ақ,  фото-, дыбыс- және бейне жазу мүмкіндігін ескере отырып, сайлау нәтижесінде құрылған, мемлекеттік билік органдарының отырысына қатысу еркіндігіне меңзейді.

4. 1,2 және 3- тармақтарда көрсетілген ақпараттарды беру  тәртібі заң арқылы анықталады.

52-бап

1. Әрбір адамның көркем, ғылыми және техникалық шығармашылықпен айналысу, зерттеу жұмыстарын жүргізу  және ұстаздық ету  құқы бар.

2. Интеллектуалды меншік мемлекет пен заң арқылы қорғалады.

3. Әрбір адамның мәдени өмірге еркін араласып, мәдени жетістіктерді пайдалану құқы бар.

53-бап

Әрбір адамның, жеке басының, сондай-ақ, қоғам  мүддесі үшін,  мемлекеттік билік органдарына, жергілікті билік органдарына, шаруашылық субъектілеріне, сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, жария  қызмет көрсететін басқа да мекемелерге   петициялар, арыз-шағымдар түсіруге  және ұсыныстар жасауға құқы бар. 

54-бап

1. Әрбір адамның мүлікті жеке меншікке  иеленетін, сондай-ақ, мүліктік емес құқы бар.

2.  Жеке меншікті,  меншік мүлікті, сондай-ақ, басқа да мүліктік емес құқыны мемлекет пен заң қорғайды.

3. Мүлікке жеке меншік құқы заңға сәйкес қана шектелуі мүмкін.

55-бап

1. Әрбір адамның еңбек етуге, сондай-ақ, заңмен бекітілген кейбір ережелерден  бөлек жағдайларда,  кәсіби қызметін, жұмыс орынын еркін таңдау және атқару құқы бар.

2. Еңбек міндеттері  тек қана заңға сәйкес жүктеледі.

3. Он төрт жасқа толмаған балаларды  тұрақты түрде жұмыс істетуге тиым салынады.

4. Еңбек ақының ең төменгі мөлшері, сондай-ақ,  ол мөлшерді  бекіту тәртібі заң арқылы анықталады.

5. Мемлекеттік билік органдары мен жергілікті билік органдары, мақсаты,  жұмыссыздықпен  күреске құрылған бағдарламаларды жүзеге асыра отырып, толыққанды әрі өнімді еңбекпен қамту болып табылатын саясат жүргізеді.

56-бап

1. Әрбір адамның қауіпсіз және гигиеналық тазалық  шарттары сақталған еңбек құқы бар. Бұл құқының жүзеге асырылу тәртібі заң арқылы анықталады.

2. Әрбір еңбек адамының демалыс күндері және жыл сайынғы төленетін демалыс құқы бар.

3. Жұмыс күнінің максималды нормасы заң арқылы анықталады.

4. Мемлекет мүмкіндіктері шектеулі жандарды еңбекпен қамтуға көмектеседі.

57-бап

1. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының,  сырқатына немесе мүгедектігіне байланысты еңбекке жарамай қалған жағдайда, әлеуметтік қамтамасыз етілуіне  құқы бар.  Әлеуметтік көмектің түрі мен көлемі заң арқылы анықталады. 

2. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының зейнет жасына жеткен кезде зейнетпен қамтылу құқы бар. Зейнетпен қамтылудың түрі мен көлемі заң арқылы анықталады.

3. Қазақстан Республикасының, жұмыс орнынан өз еркінен тыс айырылған және толыққанды өмір сүруге басқа лажы жоқ, әрбір азаматының жұмыссыздығы үшін әлеуметтік қамтылуға құқы бар. Жұмыссыздықты әлеуметтік қамсыздандыру көлемі мен формасы заңмен қарастырылған.

58-бап

1. Әрбір адамның медициналық көмек алуға және денсаулығын сақтауға қолжетімділік құқы бар.

2. Мемлекет азаматтарға,  материалдық жағдайына қарамастан, тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді.  Тегін медициналық көмектің көлемі мен көмек түрі заң арқылы анықталады.

3. Мемлекеттік билік органдары мен жергілікті билік органдары балалардың, жүкті әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдардың денсаулығына аса көңіл бөлуге міндетті.

4. Мемлекеттік билік пен жергілікті билік органдары ауыру індеттерімен күрес жүргізуге, сондай-ақ, табиғи құбылыстардың  адамдардың денсаулығына зиянды әсер етуінің алдын алуға міндетті.

59-бап

1. Әрбір адамның білім алу құқы бар. Білім алу құқын жүзеге асыру  тәртібі заң арқылы анықталады.  

2. Он сегіз жасқа дейінгі балалардың білім алуы міндетті саналады.

3. Мемлекеттік мектептердегі бастапқы және орта білім тегін беріледі. Егер қызметтері, заң арқылы бекітілеген,  білім стандарттарына сай болып жатса, ақылы бастапқы және орта білім беретін мектептерді ашуға болады.

4. Ата-аналары балаларын оқытатын қандай да болсын мектепті таңдауға құқылы.

5. Әрбір адамға, оның өз қабілетіне сәйкес,  жоғары оқу орнына түсуге және жоғары білім алуға тең мүмкіндіктер беруді  қамтамасыз ету  керек. 

6. Жоғары оқу орындары мемлекеттік те, жеке меншік те болуы мүмкін. Жоғары оқу орындары, заң арқылы бекітілген  ауқымда, дербес  қызмет жүргізе алады. 

7. Мемлекет әрбір сәбидің  мектепке дейінгі білім алуы үшін  қолайлы мүмкіндіктер жасайды. 

60-бап

1. Мемлекет  материалдық жағдайы қиындыққа ұрынған, әсіресе, көлемі мен көмек түрі заң арқылы анықталатын, әлеуметтік қамтылуға құқы бар, көп балалы және толық емес отбасыларын аса қамқорлыққа алады.

2. Әрбір ана, босанған соң, көлемі мен көмек түрі заң арқылы анықталатын, баланы бағып-қаққаны үшін төленетін әлеуметтік көмек алуға құқылы.

 61-бап

1. Қазақстан Республикасы балалар құқын қорғауды қамтамасыз етеді.

2. Әрбір адамның  мемлекетік билік органдарынан баланы зорлық -зомбылықтан, қатыгездіктен, қанаушылықтан және ар-ожданының тапталуынан қорғауды талап етуге құқы бар.

62-бап

1. Мемлекет қоршаған ортаны қорғауға көмектесуге  және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.

2. Әрбір адам қоршаған ортаның жағдайы туралы ақпаратты емін-еркін алуға құқылы.

63-бап

1. Әрбір адамның баспаналы болу құқы бар.

2. Мемлекет барлық  мұқтаж жандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету саясатын жүргізеді, үйсіздікпен күреседі  және  жеке меншік баспанасын алуға ниетті азаматтардың әрекетін қолдайды. 

3. Баспананы жалға алушы әрбір адамның өз құқыларының мемлекет  және заң тарапынан қорғалуына құқы бар.

64-бап

1. Мемлекет тұтынушылардың, пайдаланушылардың және жалдаушылардың, олардың  денсаулығына, қауіпсіздігіне, жеке өміріне, ар-ожданы мен абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерден қорғану құқын қорғауды  қамтамасыз етеді.

2. Мемлекет әділетсіз нарық тәжірибесіне қарсы тұрады.

ІІІ БӨЛІМ. ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ

65-бап

1. Ұлттық Құрылтай Қазақстан Республикасы билігіндегі жоғарғы заң шығарушы және өкілетті орган болып саналады.

2. Ұлттық Құрылтай тең жартысы тепе-теңдік жүйесі арқылы, ал келесі жартысы – бір мандатты аймақтық округтерде сайланатын бір жүз жиырма депутаттан тұрады.

3. Ұлттық Құрылтай депутаттарының өкілет мерзімі төрт жыл.

4. Ұлттық Құрылтай депутаттарының   өкілет мерзімі, Негізгі Заң бойынша қарастырылған жағдайларға орай, қысқаруы мүмкін.

66-бап

1.  Ұлттық Құрылтайға сайлау жалпыға ортақ, ашық, тепе-тең, төте  және құпия дауыс беру арқылы өтеді.

2. Ұлттық Құрылтай депутаты болып жиырма бір жасқа толған, сайлау құқы бар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, сайлауға түсер кезінде Қазақстан Республикасы территориясында, кем дегенде,  бес жыл тұрып жатқан,  сотталмаған, немесе сот кескен жазасы біткен Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.

3. Ұлттық Құрылтайға сайлау жұмыс істеп тұрған шақырылымның өкілеті аяқталуға үш ай қалған уақыттан кеш қалмай өтеді. 

4. Ұлттық Құрылтайға мерзімінен тыс сайлау,  Негізгі Заңда қарастырылған жағдайларға орай, сайлау жарияланғаннан соңғы отыз күннен бұрын емес және қырық бес күннен асып кетпейтін мерзімде өткізіледі.

5. Төтенше және әскери жағдай орын алған  кезеңде Ұлттық Құрылтайға сайлау өткізуге тиым салынады.

6. Ұлттық Құрылтайға сайлау өткізу тәртібі конституциялық заң арқылы анықталады.

67-бап

1. Ұлттық Құрылтай депутаттарының өкілеті сайлау қорытындысы жария болған күннен басталады. Осы күні Ұлттық Құрылтайдың бұрынғы шақырылымы депутаттарының өкілеті аяқталады.

2. Ұлттық Құрылтай депутаты қызметіне кірісер алдында Қазақстан Республикасына және оның Негізгі Заңына адал қызмет етуге ант береді.  

3. Ант беруден бас тарту депутаттық мандаттан бас тартқанын білдіреді.

4. Ант мәтіні мен оны қалай беру тәртібі заң арқылы анықталады.

68-бап

Ұлттық Құрылтай депутаты аманаттық  мандатқа ие емес, сондықтан оған Ұлттық Құрылтайда немесе оның органдарында  дауыс бергені және жасаған саяси мәлімдемесі үшін   заңды тұрғыдан жауапкершілік артылмайды.

69-бап

1. Ұлттық Құрылтай депутатының, Үкімет мүшесі болудан бөлек, ешқандай да мемлекеттік қызмет атқаруға құқы жоқ.

2. Ұлттық Құрылтай депутатының  кәсіпкерлерлік іс-әрекетпен айналысуға, сондай-ақ, ұстаздық, ғылыми және шығармашылық істен бөлек, басқа да ақы төленетін қызметтерді атқаруға құқы жоқ.  

70-бап

1. Ұлттық Құрылтай депутатының өкілеті мерзімінен бұрын мынандай жағдайларда тоқтатылады:

1) егер ол Үкімет мүшесі болудан бөлек, басқа бір мемлекеттік қызметке тағайындалған болса;

2) оған қатысты соттың  айыптаушы кесімі заңды күшіне енген болса;

3)  егер ол, заңда бекітілген тәртіпке орай, депутат мандатынан өз еркімен бас тартса;

4) егер оны сот іс-әрекетке қабілетсіз  деп тапса;

5) егер ол басқа бір елдің азаматтығын алып жатса;

6)  қайтыс болса;

2. Ұлттық Құрылтай депутатының өкілеті   құқық қорғаушы органдар оған қатысты тергеу амалдарын жүргізген жағдайда доғартылуы мүмкін.

3.  Саяси партия (блок) тізімі бойынша сайланған депутаттың өкілеті тоқтатылған жағдайда, оның өкілеті , шығып қалған депутат сынды, сол партияның (блоктың) тізімінде тұрған, сол партия(блок) жеңіп алған депутат берілген мандаттың  мүмкін шегіне  бола  Ұлттық Құрылтайға сайланбай қалған, депутат  мандатын соңғы болып  алған депутаттан кейін тұрған,   Ұлттық Құрылтай депуттатығына үміткерге өтеді.  

4. Бір мандатты аймақтық округте сайланған Ұлттық Құрылтай депутатының өкілеті тоқтаған жағдайда, оның өкілеті тоқтаған кезден бастап, 30 күн ішінде, ол депутат болып сайланған аймақтық сайлау округінде Ұлттық Құрылтай депутатын сайлауға қосымша сайлау ұйымдастырылады. 

71-бап

1. Ұлттық Құрылтай депутаттары фракциялар құрады.

2. Ұлттық Құрылтай депутаты тек қана бір фракцияға мүше бола алады немесе фракциядан тыс  қалатын болады.

3. Бір фракцияның құрамында  сегізден кем және сексеннен астам мүшесі  бола алмайды.

4. Құрамында алпыс бір немесе одан да көп депутаты бар фракция немесе фракциялар коалициясы Ұлттық Құрылтайда Көпшілік деп саналады.

5. Ұлттық Құрылтайдағы  оппозиция болып, Ұлттық Құрылтайдағы Көпшіліктің құрамына  енбейтін және өзінің оппозициялық екенін, заңға сәйкес, ашық түрде  жариялаған фракция саналады.  

6. Ұлттық Құрылтайдағы Көпшілікті құру барысында фракциялар, Көпшіліктің бір бөлігі болып саналатын,  фракцияның құрамына енетін әрбір депутат қол қойған,  Көпшілік құру туралы коалициялық келісімге келеді.

7. Фракциядан тыс қалған депутаттар Ұлттық Құрылтайдағы Көпшілік құрамына жеке-жеке кіре алады. Ұлттық Құрылтайдағы Көпшіліктің құрамына енген кезде, олардың  да, сондай-ақ, Көпшілік құру туралы келісімге қол қоюы керек. 

8.  Ұлттық Құрылтайдың, қайсы бір фракцияның құрамына енетін, депутаты сол фракция мүшелерінің басым дауысымен ол фракциядан шығарылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол фракциядан тыс депутат болып қалады.

72-бап

Қазақстан Республикасының Ұлттық Құрылтайы:

1) заңдар мен қаулылар қабылдайды, сондай-ақ, олардың орындалуын бақылап отырады;

2) Қазақстан Республикасы Президенті немесе Премьер-министрі қол қойған халықаралық келісім-шарттарды бекітеді және күшін жояды;

3) республикалық референдум тағайындайды;

4) кандидатурасын Ұлттық Құрылтайдағы Көпшілік ұсынып,    Президент  таныстыратын  Премьер-министрді тағайындайды;

5) Премьер-министр  ұсынған министрлер кабинетінің құрамын бекітеді;

6) Республика бюджеті мен оның орындалуы туралы есепті бекітеді;

7) Президент  ұсынған  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасын және Ұлттық Банктің Басқарма мүшелерін тағайындайды;

8) Қазақстан Республикасы Есеп Палатасының Төрағасы мен аудиторларын тағайындайды;

9) Қазақстан Республикасының халқына, басқа мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға арнап мәлімдемелер, декларациялар және үндеулер жасайды;

10) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Премьер-министрге және  министріне сенімсіздік білдіреді;

11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттарын, дипломатиялық және әскери шендерді бекітеді;

12) депутаттық зерттеулер жүргізеді;

13) Қазақстан Респбуликасының Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшелерін тағайындайды;

14) Үкімет  ұсынған  мемлекеттік заемдар туралы шешімді, мемлекет мойнына алған басқа да міндеттерді, мемлекет алатын қарыз лимитін бекітеді;

15) Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

16) Ұлттық Құрылтай депутатының өкілетін доғару туралы шешім қабылдайды;

17)  Президенттің немесе Премьер-министрдің ұсынысымен, Қазақстан Республикасында төтенше немесе әскери  жағдай енгізеді;

18)  Қазақстан Республикасындағы әкімдік-территориялық бірліктердің, сондай-ақ, жаңадан  құрылатын жаңа немесе жойылатын  әкімдік-территориялық бірліктердің шекарасына енетін өзгертулерді бекітеді;

19) Қазақстан Республикасындағы адам құқылары жөніндегі Өкілетті өкілді тағайындайды;

20) саяси партиялар ұсынған Ұлттық  сайлау комиссиясының, сондай-ақ, аймақтық сайлау комиссияларының  мүшелерін қызметке тағайындап, босатады;

21) Қазақстан Республикасының Негізгі заңында қарастырылған,  басқа да өкілетті жүзеге асырады;  

73-бап

Ұлттық Құрылтайдың жаңа шақырылымының бірінші мәжілісі сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейінгі он төрт күннің ішінде өтеді. Ұлттық Құрылтайдың бірінші мәжілісін Қазақстан Республикасының Президенті  шақырады.

74-бап

1. Ұлттық Құрылтай депутаттары шешімдерін, шақырылымы заң арқылы және Ұлттық Құрылтай регламенті бойынша анықталатын, кезекті және кезектен тыс мәжілістер барысында қабылдайды.

2. Ұлттық Құрылтай, мәжіліс өткізу  және өз жұмысын жүргізу үшін регламент қабылдайды, сондай-ақ, Хатшылықты және басқа да жұмыс органдарын құрады.

75-бап

Ұлттық Құрылтай депутаттары өз құрамынан Ұлттық Құрылтай Төрағасы мен оның екі орынбасарын сайлайды. Ұлттық Құрылтай Төрағасының екі орынбасарының біріне Ұлттық Құрылтайдағы Оппозиция өкілі сайлануы керек.

76-бап

Ұлттық Құрылтай Төрағасы:

1) Ұлттық Құрылтай мәжілісін жүргізеді және оған төрағалық жасайды;

2) Ұлттық Құрылтайдың кезектен тыс мәжілісін және сессияларын шақырады;

3) Ұлттық Құрылтай қабылдаған қаулыларға қол қояды;

4) Ұлттық Құрылтайдың  құзырындағы мәселелерге жалпы жетекшілік жасайды;

5) Ұлттық Құрылтайдың Хатшылығы мен басқа да жұмыс органдарының қызыметіне жетекшілік жасайды;  

6) Өз құзырына жататын мәселелер бойынша өкім шығарады;

7) Негізгі Заңға сәйкес, басқа да өкілетін жүргізеді;

77-бап

1. Ұлттық Құрылтайдың барлық шешімдері дауыс беру арқылы қабылданады.

2. Ұлттық Құрылтайдың депутаттары қандай да бір өкімсіз жеке және еркін дауыс береді;

3. Басқа депутат үшін дауыс бергені үшін, заң арқылы және Ұлттық Құрылтайдың регламенті бойынша анықталатын, жауапкершілікке тартылады;

78-бап

1. Ұлттық Құрылтай,  заңдар мен қаулылар дайындайтын құзырға ие,  комитеттер құрады. 

2. Заң жобаларын дайындау барысында комитеттер, қаралып жатқан мәселелерге қатысты азаматтық қоғам пікірін білу мақсатында,  жариялық тыңдаулар өткізуге құқылы. 

3. Комитеттердің лауазымды тұлғалардан, заңдар мен қаулылар жобасын дайындауға қажетті,  кез келген құжат пен ақпаратты талап ету құқы бар.

4. Лауазымды тұлғалар комитеттердің, осы баптың 3-тармағында көрсетілген, талаптарын орындамаған жағдайда  заң арқылы қудаланады.

79-бап

1. Ұлттық Құрылтай,  депутаттық зерттеулер жүргізген кезде, депутаттардың жалпы санының  ширек бөлігінен  кем түспейтін тобының талабына орай, тергеу комиссияларын құрады.

2. Ұлттық Құрылтай, депутаттық зерттеулер нәтижесі бойынша,  парламенттік тыңдаулар өткізеді. 

3. Ұлттық Құрылтайдың, өз құзырына жататын мәселелер бойынша,  сауалдар  дайындау мақсатында, басқа да комиссиялар құруға құқы бар.

4. Комиссияның лауазымды тұлғалардан,  депутаттық зерттеулерді жүргізуге  немесе комиссия құзарына енетін мәселелерге орай  сауалды дайындауға қатысты,  кез келген құжат пен ақпаратты талап етуге құқы бар.

5. Лауазымды тұлғалар  депутаттардың, осы баптың 4-тармағында көрсетілген, талаптарын орындамағаны үшін заңмен қудаланады.

80-бап

1. Заң шығару туралы бастамашыл құқы барлар:

1) Ұлттық Құрылтай депутаттары;

2) Президент;

3) Үкімет;

4) Сайлау құқы бар, кем дегенде,  жүз мың адамнан тұратын азаматтардың бастамашыл тобы;

2. Президенттің, Үкіметтің және депутат фракцияларының  өздері ұсынған заң жобасын шұғыл жоба ретінде белгілеу мүмкіндігі бар. 

3. Ұлттық Құрылтай шұғыл заң жобаларын кезектен тыс талқылап, қарастырып, кезектен тыс қабылдайды.

81-бап

1. Ұлттық Құрылтай,  Қазақстан Республикасы территориясы аумағында  орындалуы міндетті күшке ие,  заңнамалық және басқа да актілерді қабылдайды.  

2. Қазақстан Республикасының заңдары депутаттардың жалпы санының  кәдімгі көпшілік дауысы арқылы қабылданады.

3. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдары депутаттардың жалпы санының,  кем дегенде, үштен екісінің қолдауы арқылы қабылданады.

4. Ұлттық Құрылтайдың қаулысы депутаттардың жалпы санының кәдімгі көпшілік дауысы арқылы қабылданады.

5. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарының жобалары міндетті түрде екі рет және одан көп оқылып барып қана қарастырылады.  

6. Ұлттық Құрылтай  қабылдаған  Қазақстан Республикасының заңнамалық және басқада құқылық актілері Қазақстан Республикасының Негізгі Заңына қайшы келмеуі керек. 

7. Ұлттық Құрылтай қабылдайтын заңнамалық және басқа да құқылық актілердің әзірленуі, енгізілуі, талқылануы, қабылдануы және жариялануы заң арқылы және Ұлттық Құрылтайдың регалменті бойынша анықталады.

82-бап

1. Ұлттық Құрылтай қабылдаған Заң немесе Конституциялық заң, қабылданған  сәттен  кейінгі бес күн ішінде, Президенттің  қол қоюына жіберіледі.

2. Президент Ұлттық Құрылтай қабылдаған Заңға немесе Конституциялық заңға бір рет вето салуға құқылы, одан соң, ол заң немесе Конституциялық заң Ұлттық Құрылтайда қайтадан қаралады.

3. Ұлттық Құрылтай Заңды немесе Конституциялық Заңды қайта қабылдаған жағдайда, Президент бес күннің ішінде сол Заңды немесе Конституциялық заңды, оның Қазақстанның Негізгі Заңына сәйкестігін тексеру үшін, Жоғарғы Сотқа жіберуге құқылы. 

4. Жоғарғы Сот өзіне қарауға жіберілген Заңның немесе Конституциялық заңның Негізгі Заңға сәйкес келетіні  туралы Қаулы шығарған жағдайда Президент оған, сол Қаулы шыққан күннен бастап  бес күннің ішінде,  қол қояды.

5. Егер Президент Заңға немесе Конституциялық заңға, осы баптың 4-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес, қол қоюдан бас тартса, оның орнына Заңға немесе Конституциялық заңға Ұлттық Құрылтайдың Төрағасы қол қояды.

83-бап

1. Ұлттық Құрылтай қабылдаған заңнамалық және басқа да актілердің  күшіне енетін датасы көрсетілмеген жағдайда,  олар Ұлттық Құрылтайдың ақпарат ресурстарында ресми түрде жарияланған сәттен бастап, күшіне енеді. 

2. Ұлттық Құрылтай қабылдаған заңнамалық және басқа да актілер, оларға қол қойылған соң, жеті күн ішінде  жарияланады.

84-бап

1. Ұлттық Құрылтай Президентпен, Ұлттық Құрылтай Төрағасымен және Жоғарғы Сот Төрағасымен бірге адам құқылары жөніндегі Уәкілді тағайындайды.

2. Адам құқылары жөніндегі  Уәкіл,  конституциялық құқылары мен еркіндігіне қатысты құқылары бұзылғаны жөніндегі арыз-шағымдарды қарастырады және ол туралы құзырлы  мемлекеттік билік  және жергілікті өзін өзі басқару органдарына хабарлап отыру арқылы адам құқылары мен еркіндігінің сақталғанын бақылайды. 

3. Адам құқылары жөніндегі Уәкілдің өкілеті бес жылға созылады. Бір адам адам құқылары жөніндегі Уәкіл болып қайтара тағайындала алмайды. 

4. Адам құқылары жөніндегі Уәкілдің өкілеті, сондай-ақ, оның қызмет тәртібі заң арқылы анықталады.

85-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасындағы жоғарғы лауазымдағы  тұлға болып саналады.

2. Президент мемлекет Басшысы, Негізгі Заңның, адам құқылары мен еркіндігінің қолсұқпаушылық кепілі , Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы болып табылады.

86-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті болып жасы отыз беске келген, сайлау құқы бар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Президенттікке ұсынылған кезде Қазақстан Республикасының территориясында, кем дегенде, он жыл бойы  тұрып келген, сотталмаған немесе сот айыбы жойылған, Қазақстан Республикасынан бөлек басқа елдің азаматтығын алмаған  Қазақстан Республикасының  азаматы сайлана алады.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеті бес жылға созылады.

3. Бір адам Қазақстан Республикасының Президенті болып қайтара сайлана алмайды.

87-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау жалпыға ортақ, ашық, тепе-тең,төте және құпия дауыс беру арқылы өтеді.

2. Сайлауға қатысқан сайлаушылардың жалпы санының жартысынан көбін  иемденген кандидат сайланады.

3. Кандидаттардың бір де бірі бірінші кезеңде  сайлаушылардың сайланған болып саналуға қажет дауысын жинай алмаса, бірінші кезең аяқталғаннан кейінгі екі апта ішінде, сайлаудың екінші кезеңі өтеді, оған бірінші кезеңде сәйкесінше бірінші және  екінші орындарды алған кандидаттар қатысады.

4. Екінші кезең нәтижесі бойынша, сайлауға қатысқан сайлаушылардың барынша көп дауысын алған кандидат сайланған болып саналады.

5. Қазақстан Республикасының Президентіне кандидат ұсыну құқына саяси партиялар, сайлаушы  блоктары мен қоғамдық ұйымдар ие.

6. Қазақстан Республикасының азаматтары өзін өзі Қазақстан Республикасының Президентіне кандидат ретінде ұсына алады.

7. Президент сайлауының  растығын Жоғарғы Сот бекітеді.

8. Қазақстан Республикасы Президентін сайлауды өткізу  тәртібі Конституциялық Заң арқылы анықталады.

88-бап

1. Президент бір мезгілде Ұлттық Құрылтайдың, мәсихаттардың депутаты, Үкімет мүшесі,  , сондай-ақ, басқа да мемлекеттік қызметте  бола алмайды.

2. Президент өз өкілетін атқаратын мезгілде саяси партия мүшесі бола алмайды.

3. Президент өз өкілетін атқаратын мезгілде, ұстаздық, ғылыми және шығармашыл қызметтен бөлек,  кәсіпкерлікпен  және ақы төленетін басқа да кәсіппен айналыса алмайды, сондай-ақ, коммерциялық және басқа да ұйымдардың басқарушы құрамына қатыса алмайды.

4. Президенттің  отбасы  мүшелері мен оның жақын туыстарына  мемлекеттік қызмет атқаруға болмайды, сондай-ақ,  мемлекеттің  қатысуы бар кәсіпорындарда басқарушы қызметке тағайындала алмайды.  

89-бап

1. Президент қызметіне,  инагурация салтанатында Ұлттық Құрылтай алдында ант берген соң,  кіріседі.

2. Ант  беру тәртібі мен оның мәтіні Конституциялық заң арқылы анықталады.

90-бап

Президент өзінің өкілеті мерзімі кезінде қамауға алынбайды, қылмыстық және әкімшілік қудалауға, тінтуге, жеке басын тінтуге түспейді  және тергеуге алынбайды.

91-бап

Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Ұлттық Құрылтайдағы Көпшіліктің ұсынысымен, Ұлттық Құрылтайдың талқысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кандидатурасын ұсынады;

2) Ұлттық Құрылтайға сайлауды тағайындайды және Ұлттық Құрылтайдың жаңа шақырылымының бірінші мәжілісін ашады;

3) Заң арқылы анықталған жағдайларда Ұлттық Құрылтайды таратады;

4) Ұлттық Құрылтайға және халыққа жыл сайынғы үндеуін жасайды;

5) Жергілікті өзін өзі басқару органдарына сайлауды тағайындайды;

6) Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынысымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, екінші және бірінші сатыдағы соттардың судьяларын тағайындайды;

7) Ұлттық Құрылтайда қабылданған заңнамалық актілерге қол қояды;

8) Ұлттық Құрылтай қабылдаған заңнамалық актілерге бір рет вето салу құқына ие;

9) Ұлттық Банк Төрағасының және Ұлттық Банк Басқарама мүшелерінің кандидатурасын Ұлттық Құрылтайдың талқысына салады; 

10) Арнайы комиссиялардың ұсынысымен, Агенттіктердің директорларын қызметке тағайындап, босатады;

11) Ұлттық қауіпсіздік Кеңесін құрып, оның отырыстарына төрағалық жасайды;

12) Қазақстан Республикасы қол жеткізген халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қояды, оларды бекіту үшін Ұлттық Құрылтайға ұсынады;

13) Сыртқы істер министрінің ұсынысымен, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдерін тағайындап, кері шақыртып алады, шет ел мемлекеттерінің  дипломатиялық   өкілдерінен сенім грамоталарын қабылдайды;

14) Дипломатиялық дәрежелерді, құрметті атақтар мен әскери шендерді береді;

15) Арнайы комиссияның ұсынысымен, Қазақстан  Республикасы  Қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшылыған қызметке тағайындап, босатады;

16) Табиғи апат орын алып,немесе әскери жанжал шыға қалса, Ұлттық Құрылтайға төтенше және әскери жағдай енгізу туралы  ұсыныс енгізеді.

17) Қазақстан Республикасының азаматтығын береді;

18) Түрмеге қамалғандарға, коррупциялық қылмыс пен өмір бойы бас бостандығынан айырылғандардан бөлек, рахымшылық жасайды;

19)  Мемлекеттік наградалармен марапаттайды;

20) Өз өкілеті аясында, жарлықтар мен өкімдер шығарады;

21) Негізгі Заң мен Конституциялық Заң арқылы өзіне жүктелген  басқа да өкілетін жүргізеді;

   92-бап

Президент Ұлттық Құрылтайды мынандай жағдайда таратып жібереді:

1) егер де Ұлттық Құрылтай өзін өзі тарату туралы қаулы қабылдаса;

2) егер де қырық бес күннің ішінде Ұлттық Құрылтайдың Көпшілігі құрылып бітпесе;

3) егер де Көпшілік құрылғаннан кейінгі жиырма күннің ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жасақталмаса;

4) егер де тоқсан күн ішінде Ұлттық Құрылтай депутаттары мәжіліске жиналмаса;

93-бап

1. Президенттің өкілеті мынандай жағдайларда тоқтатылады:

1) өкілет мерзімі аяқталғанда;

2) өз еркімен кеткен жағдайда;

3) өз өкілетін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін еңбекке жарамсыздығы үшін;

4) импичмент нәтижесінде лауазымынан бас тартқан кезде;

5) басқа елдің азаматтығын алған кезде;

6) қайтыс болса;

2. Президент өкілетінің мерзімі жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскен кезден бастап аяқталады;

3. Президент өкілеті мерзімінен бұрын аяқталған жағдайда, жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскенге дейінгі  мерзімде, оның міндетін Қазақстан Республикасы Ұлттық Құрылтайының Төрағасы уақытша атқаратын болады.

4. Ұлттық Құрылтай Төрағасы Президент міндетін уақытша атқарудан бас тартқан жағдайда, ол міндет Қазақстан Республикасының Премьер-министріне  жүктеледі.

94-бап

1. Президент лауазымынан, өз өкілеті өтіп жатқан мерзім барысында жасаған,  ауыр және аса ауыр қылмысы үшін импичмент жарияланған жағдайда бас тартады.

2. Президентке импичментті  Ұлттық Құрылтай,  жалпы депутатар санының үштен екісінен кем түспейтін,  көпшілік дауыспен жариялайды.

3. Бастама білдіру және импичмент үрдісін өткізу тәртібі Конституциялық заң арқылы анықталады.

95-бап

1. Президент, Президент қызметін қамтамасыз ететін көмекші орган болып саналатын,  Қазақстан Республикасы Президентінің Хатшылығын қалыптастырады.

2. Президент Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысын тағайындап, қызметінен босатады.

V БӨЛІМ.

ҮКІМЕТ

96-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік  биліктің жоғарғы атқарушы органы болып табылады.

2. Үкімет Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асырады.

3. Үкіметтің өкілетіне, сонымен бірге, мемлекеттік биліктің  басқа да органдары мен жергілікті биліктің құзырынан тыс  жатқан мәселелер кіреді.

4. Үкіметтің құқылық жайы мен өкілеті Конституциялық Заң арқылы анықталады.  

97-бап

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Заңдардың атқарылуын жүзеге асырады;

2) өз өкілеті аясында Қаулылар шығарады;

3) республика бюджетінің  жобасын дайындап, оны Ұлттық Құрылтайдың талқысына шығарады;

4) республика бюджетін жүзеге асырады және Ұлттық Құрылтай алдында республика бюджетінің қалай орындалғаны туралы есеп береді;

5) мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, оларды жүзеге асырады;

6) мемлекеттік меншікті басқаруды атқарады;

7) қорғаныс қабілетін және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және  

8) құқық тәртібі мен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

9) басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ара қатынас саласындағы сыртқы саясатты жүргізеді;

10) Ұлттық Құрылтай талқысына заңдар жобасын ұсынады;

11) Аймақ мәслихаттарының келісімімен, Басшыны тағайындайды;

12) Негізгі Заң мен Конституция арқылы өзіне жүктелген басқа да өкілетін жүзеге асырады;

98-бап

1. Үкімет өзі атқаратын қызметі бойынша Ұлттық Құрылтай алдында есеп беруге тиісті;

2. Ұлттық Құрылтай Үкіметке, немесе оның кейбір мүшелеріне, егер олар өздеріне қойылған міндеттерді  орындай алмаған жағдайда, сенімсіздік вотумын танытуға құқылы. Үкіметке, немесе оның кейбір мүшелеріне сенімсіздік вотумын танытудың  бастамашыл құқына ие болатын депутаттардың саны барлық депутатардың жалпы санының бестен бірінен кем болмауы керек. 

3. Үкімет пен оның кейбір мүшелері, алдарына қойылған міндеттерді орындау мүмкін емес деп санаған жағдайда, отставкаға  кететіндері жөнінде жариялауға құқылы.

4. Премьер-министрдің отставкасы бүкіл Үкіметтің отставкаға кететінін білдіреді.

5. Өкілеті тоқтатылған соң, қызметтегі  Үкімет құрамы Үкіметтің жаңа құрамы бекігенге дейін өз міндеттерін атқара береді.

6. Үкімет қайтадан сайланған Ұлттық Құрылтай шақырылғанда өз өкілетінен босайды.

99-бап

1. Үкімет мүшелері болып,  Премьер-министр, оның орынбасарлары және министрлер саналады.

2. Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Құрылтай депутаттығынан бөлек,  басқа мем лекеттік қызметтерді атқаруға, сондай-ақ, ұстаздық, ғылыми және шығармашылық қызметтен бөлек, басқа да  ақы төленетін қызметті атқаруға, коммерциялық мекемелердің басшылық  құрамына кіруге  құқы жоқ.

100-бап

1. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Үкімет жұмысына тікелей басшылық жасайды.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

1) Ұлттық Құрылтай бекіту үшін  Үкімет құрамын немесе  жеке министрдің кандидатурасын ұсынады;

2) өз өкілеті аясында бұйрықтар мен өкімдер шығарады;

3) Үкімет мүшелерінің қызметін үйлестіріп және бақылап отырады;

4) Ұлттық Құрылтай алдында Үкіметке немесе оның кейбір мүшелеріне сенім білдіру немесе сенімсіздік білдіру  мәселесін көтереді ;

5) Үкімет отырысын шақырады және оған төрағалық жасайды;

6) Мемлекеттік билік органдарымен, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен байланыс орнатқан кезде Қазақстан Рсепубликасы Үкіметінің мүддесін білдіреді;

7) Халықаралық деңгейде, Президентпен бірге, Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді;

8) Негізгі Заңда және заңдарда бекітілген шекте және түрде жергілікті өзін өзі басқару органдарының қызметін бақылап отырады;

9) Үкіметтің Хатшылығын құрады және оның басшысын тағайындайды;

10)  Үкімет талқысына Басшы қызметіне лайық кандидаттарды ұсынады;

11) Үкімет Қаулысына қол қояды;

12) Қазақстан Республикасы келіскен халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қояды, оларды бекіту үшін Ұлттық Құрылтайға ұсынады;

13) табиғи апаттар мен әскери қақтығыс туындаған жағдайда, Ұлттық Құрылтайға төтенше немесе әскери жағдай енгізу туралы ұсыныспен шығады;

14) өзіне Негізгі Заңмен және Конституциялық заңмен жүктелген, басқа да өкілетін атқарады;

3. Премьер-министр, денсаулығына байланысты, өз міндеттерін атқара алмайтын жағдайда,        немесе  қайтыс болғанда оның міндеттерін уақытша орынбасарларының бірі атқарады.

101-бап

1. Премьер-министр Ұлттық Құрылтайға Үкімет құрамы мен Үкіметтің атқармақшы  жұмыс Бағдарламасын өзі тағайындалғаннан соңғы жиырма күннің ішінде ұсынуға міндетті.

2. Ұлттық Құрылтай Үкіметті,  оған сенім вотумын білдіру арқылы,  бекітеді.

3. Үкімет мүшелері,  қызметіне кіріспес бұрын, Ұлттық Құрылтай алдында ант береді.

102-бап

1. Үкіметтің құрылымдық  бөлімдері болып Министрліктер, Агенттіктер және Хатшылық саналады.

2. Министрліктер Үкіметтің, белгілі бір саладағы Үкімет қызметін жүзеге асырушы бөлімдері болып саналады.

3. Министрліктің басшысы болып министр саналады.

4. Агенттіктер Үкіметтің , Премьер-министр мен Үкіметтің басқа да мүшелерінен дербес қимылдау қажет салаларда, соның ішінде, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызмет,  коррупцияға қарсы әрекет жасау, қаржы мониторингі және статистика салаларында  қызмет атқаратын, құрылымдық бөлімі болып саналады. 

5. Агенттіктің басшысы болып директор саналады.

6. Агенттіктердің директорларын, Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан Республикасының Президенті  бірлесе отырып құрған, Арнайы комиссияның ұсынысына қарай, Президент тағайындап, қызметінен босатады.

7. Агенттіктерді, сондай-ақ, Арнайы комиссияларды құру және олардың қызмет тәртібі Конституциялық Заң арқылы анықталады.

8. Агенттіктер, өз қызметтері бойынша, Президентке, Үкіметке жәіне Ұлттық Құрылтайға есеп береді.

9. Үкіметтің Хатшылығы, Үкімет пен Премьер-министрдің қызметін қамтамасыз етіп отыратын қосалқы орган болып саналады.

VI БӨЛІМ.

СОТ  БИЛІГІ

103-бап

1. Қазақстан Республикасындағы сот билігі соттардың құзырында болады.

2.  Сот билігі биліктің басқа тармақтарынан тәуелсіз болады. Сот қызметіне басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың араласуына жол берілмейді.

3. Сот үкімін Қазақстан Республикасы атынан  шығарады.

4. Соттардың шешімдері, кесімдері мен нормативтік актілері Қазақстан Республикасының барлық территориясында орындалуға  міндетті күшке ие.

5. Сот қызметі республика бюджеті арқылы қаржыландырылады.

104-бап

1. Сот билігі Жоғарғы Соттан, сондай-ақ, бірінші және екінші сатыдағы соттардан тұрады.

2. Бірінші сатыдағы соттарға қалалық, аудандық және арнайы мамандандырылған соттар жатады.

3. Екінші сатыдағы соттарға Аймақтар мен республикалық маңыздағы  қалалық соттар жатады. Екінші сатыдағы соттар бірінші сатыдағы соттар шығарған шешімді апелляциялық негізде қайта  қарастырады.

4. Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасындағы жоғарғы сот сатысы болып саналады. Жоғарғы сот екінші сатыдағы соттардың шешімін кассациялық негізде қайта қарастырады.

5. Қазақстан Республикасы территориясында төтенше соттарды құруға  және олардың қызмет атқаруына жол берілмейді.

6. Сот қызметі мен оны ұйымдастыру тәртібі, сондай-ақ, судьялардың статусы мен олардың тәуелсіздік кепілі Конституциялық Заң арқылы анықталады.

105-бап

1. Жоғарғы Соттың құрамында, Негізгі Заң нормаларының орындалуын бақылап отыратын, Конституциялық Палата болады.

2. Жоғарғы Соттың Конституциялық Палатасы,Жоғарғы Сот Кеңесі нің ұсынысымен және  Ұлттық Құрылтай мақұлдаған,  Президент  бес жыл мерзімге тағайындап, қызметінен босататын   тоғыз судьядан тұрады.

3. Жоғарғы Соттың Конституциялық Палатасы,  Негізгі Заңға қайшы келетін,  қандай да бір заңнамалық немесе басқа да құқылық актіні заңсыз деп таниды.

4. Жоғарғы Соттың Конституциялық Палатасының Қаулысы мен Шешімі үзілді-кесілді соңғы болып саналады және Қазақстан Ресупбликасының барлық территориясында орындалуы міндетті күшке ие.

106-бап

1. Судьялар қызметіне он жыл мерзімге тағайындалады және сол мерзім бойы ауыспайды.

2. Судья Ұлттық Құрылтайдың, мәслихаттың депутаты, Үкімет мүшесі және Президент бола алмайды, басқа да мемлекеттік қызмет атқара алмайды, саяси партияға мүше болып, партия мүддесін көздей алмайды, сондай-ақ, ұстаздық, ғылыми және шығармашылық істен бөлек, басқа да ақылы қызмет атқара алмайды, коммерциялық мекеменің басшылық құрамына енуіне болмайды.

3. Судья қызметінен тек қана соттың шешімі арқылы, тек қана Жоғарғы Сот Кеңесінің келісімімен  босатуға болады.

4. Судьяны  қамауға алып, қылмыстық және әкімшілік қудалауға, тінтуге, жеке басын тексеруге және тергеуге болмайды.

107-бап

1. Судьяны, Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынысымен,  Президент тағайындайды.

2. Жоғарғы Соттың судьялары өз құрамы қатарынан Жоғарғы Сот Төрағасын сайлайды.

3. Жоғарғы Сот Төрағасының өкілет мерзімі  бес жыл.

4. Жоғарғы Сот Төрағасы, өз өкілетінің мерзімі аяқталған соң, Жоғарғы Сот судьясы мәртебесін сақтап қалады, бірақ Жоғарғы Сот Төрағасы қызметіне қайтара сайлана алмайды.

5. Бірінші және екінші сатыдағы судьялар, өз құрамы қатарынан,  сәйкес соттардың төрағасын сайлайды.

6. Бірінші және екінші сатыдағы соттардың төрағалары өкілетінің мерзімі бес жыл.

7. Бірінші және екінші сатыдағы соттардың төрағалары, өз өкілетінің мерзімі аяқталған соң, сәйкес соттардың судьясы мәртебесін сақтап қалады, бірақ сол сәйкес соттардың төрағасы қызметіне қайтара сайлана алмайды.

108-бап

1. Жоғарғы Соттың, сондай-ақ, бірінші және екінші сатыдағы соттардың құрамында істерді белгілі бір құқықтық салада қарастыратын коллегиялар құрылады.

2. Жоғарғы Сот коллегияларының Төрағаларын Жоғарғы Сот судьялары өз қатарынан бес жыл мерзімге сайлайды.

3. Жоғарғы Сот коллегиясының Төрағасы, өз өкілетінің мерзімі  аяқталған соң,Жоғарғы Сот судьясы мәртебесін сақтап қалады, бірақ, Жоғарғы Сот коллегиясының Төрағасы қызметіне қайтара сайлана алмайды.

4. Бірінші және екінші сатыдағы соттардың коллегия Төрағасын, сол сәйкес соттардың судьялары,  бес жыл мерзімге сайлайды. 

5. Бірінші және екінші сатыдағы соттардың коллегия Төрағасы, өкілет мерзімі аяқталған соң, сол сәйкес соттардың судьясы мәртебесін сақтап қалады, бірақ, сол сәйкес соттардың коллегия Төрағасы қызметіне қайтара сайлана алмайды.

109-бап

1. Жоғарғы Сот Кеңесі, судья қызметіне кандидаттарды іріктеп алатын, мемлекеттік биліктің жоғарғы органы болып саналады.

2. Жоғарғы Сот Кеңесі он бір мүшеден тұрады, оның алтауы Ұлттық Құрылтайдағы Көпшіліктің  делегаты, ал бесеуі Ұлттық Құрылтайдағы Оппозицияның делегаттары болады.

3. Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі болып жоғары заңгерлік білімі бар, құқық сақтау саласында ғылыми дәрежеге ие, атақ-абыройы кіршіксіз, заңнамалық салада, кем дегенде, он жыл тәжірибесі бар және саяси партияға мүше емес Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

4. Жоғарғы Сот Кеңесі мүшелерінің өкілет мерзімі он жылды құрайды.

110-бап

1. Жоғарғы Сот Кеңесі өз құзыры аясында, Қаулылар шығарады.

2. Жоғарғы Сот Кеңесі қаулысы Жоғарғы Сот Кеңесі мүшелерінің жалпы санының, кем дегенде, үштен екісі  көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.

111-бап

Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасын, оның орынбасарларын  Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшелері сайлап, қызметінен босатады.

112-бап

1. Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі Ұлттық Құрылтайдың, мәслихаттың депутаты, Үкімет мүшесі және Президент бола алмайды, басқа да мемлекеттік қызмет атқара алмайды, саяси партияға мүше болып, партия мүддесін көздей алмайды, сондай-ақ, ұстаздық, ғылыми және шығармашылық істен бөлек, басқа да ақылы қызмет атқара алмайды, коммерциялық мекеменің басшылық құрамына енуіне болмайды.

2.  Жоғағы Сот Кеңесінің мүшесін қамауға алып, қылмыстық және әкімшілік қудалауға, тінтуге, жеке басын тексеруге және тергеуге болмайды.

113-бап

Жоғарғы Сот Кеңесі:

1) Президентке судья қызметіне кандидаттарды ұсынады;

2) судьяны қызметінен босатуға келісім береді;

3) кандидаттарды судья қызметіне іріктейтін Біліктілік комиссиясын құрады;

4) судья қызметіне кандидаттармен бетпе-бет әңгімелеседі;

5) Негізі Заң мен Конституциялық Заңда қарастырылған, басқа да өкілеттерін атқарады;

VII БӨЛІМ.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН ӨЗІ БАСҚАРУ

114-бап

1. Қазақстан Республикасындағы Жергілікті өзін өзі басқаруды  жергілікті өзін өзі басқару органдары жүзеге асырады. Жергілікті өзін өзі басқарудың әкімшілік-территориялық бірліктеріне қалалар, аудандар және басқа да елді мекендер жатады.

2. Жергілікті өзін өзі басқару органдарына әкімдіктер мен мәслихаттар жатады.

3. Әкімдік  сәйкес әкімдік-территориялық бірліктегі,  жергілікті өзін өзі басқарудың атқарушы органы болып саналады.

4. Мәслихат сәйкес әкімдік-территориялық бірліктегі өзін өзі басқарудың өкілдік органы болып саналады.

5. Жергілікті өзін өзі басқару органдарының жұмысын ұйымдастыру және олардың өкілеті Заң арқылы анықталады.

115-бап

1. Әкімдіктерге әкім басшылық жасайды.

2. Әкімдерді,  сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктің мәслихаты, мәслихат депутаттары қатарынан сайлайды.

3. Әкім өкілетінің мерзімі, сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктегі,  мәслихат өкілетінің мерзіміне сәйкес келеді. 

4. Әкімнің өкілеті мынандай жағдайларда тоқтатылады:

1) сәйкес әкімшілік-территориялық бірлікте мәслихаттың жаңа шықырылымы сайланған кезде;

2) сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктегі мәслихат тарапынан сенімсіздік білдірілсе;

3) Үкімет, заңда қарастырылған жағдайларға сәйкес, қызметінен босатса;

4) қызметінен өз еркімен бас тартса;

5) сот жұмысқа қабілетсіз деп тапса;

6) қайтыс болған жағдайда;

5. Әкімнің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, оның міндеттерін уақытша, сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктегі,  мәслихат хатшысы атқарады.  

6. Әкімнің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, ол,  сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктегі,  мәслихат депутаты мандатын сақтап қалады.

116-бап

1. Әкімдік құрамына, басшыларын, мәслихаттың келісімімен, әкім тағайындайтын құрылымдық бөлімшелер кіреді.

2. Аппаратты әкім өз бетінше құрып, оның басшыларын тағайындайды.

3. Әкімдік өз қызметі үшін, сәйкес әкімшілік-территориялық бірліктегі, мәслихатқа және Үкіметтің Аймақтағы өкілетті өкіліне  есеп беріп отырады.

117-бап

Әкімдіктер:

1) жергілікті бюджет жобасын дайындайды және оны мәслихаттың қарауына жібереді;

2) жергілікті бюджеттің орындалуын жүзеге асырады, сондай-ақ, оның орындалғаны туралы жергілікті мәслихат алдында есеп береді;

3) сәйкес әкімшілік-территориялық бірлікті дамытудың  бас жоспарын дайындайды,

4) коммуналды меншікті басқаруды жүзеге асырады;

5) Үкіметтің тапсырмасын орындайды;

6) өз өкілеті аясында, шешім қабылдайды және өкімдер шығарады;

7) өзіне заң арқылы жүктелген,  басқа да өкілетін жүргізеді;

118-бап

1. Мәслихаттар, саны заң арқылы анықталатын, депутаттардан құралады.

2. Мәслихаттарға сайлау жалпыға ортақ, ашық, тепе-тең, төте және құпия дауыс беру арқылы өтеді.

3. Мәслихат депутаты болып сайлау құқы бар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, сотталмаған немесе сот айыбы жойылған Қазақстан Республикасының  азаматы сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы тек бір ғана мәслихаттың (сайланбалы өкілетті орган) депутаты болуға құқылы.

4. Мәслихат депутатының, әкім қызметінен бөлек, басқа  қызметтерде болуға құқы жоқ, сондай-ақ, ол ұстаздық, ғылыми және шығармашылық істерден бөлек, басқа ақылы қызметте және коммерциялық мекеменің басшылық органының құрамында бола алмайды.

5. Мәслихат өкілетінің мерзімі төрт жылды құрайды.

6. Мәслихат сайлаулары Қазақстан Республикасының барлық территориясында бір уақытта өтеді.

7. Мәслихат сайлауын өткізу тәртібі  Конституциялық Заң арқылы анықталады.

119-бап

1. Жұмыс істеп тұрған мәслихаттың өкілеті мынандай жағдайларда тоқтатылады:

1) Мәслихаттың жаңа шақырылымы сайланған кезде;

2) Мәслихатты, заңда бекітілген жағдайларға орай, Үкімет таратып жіберсе;

3) Мәслихат өзін өзі тарату туралы шешім қабылдаса;

2. Мәслихат  өз өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, сәйкес әкімшілік-территориялық бірлікте, өкілеті  тоқтаған кезден бастап, екі ай ішінде, кезектен тыс сайлау өтеді.

3. Кезектен тыс сайлауда сайланған мәслихат шақырылымы өз өкілетін, мәслихатқа кезекті сайлауда,  мәслихаттың жаңа шақырылымы сайланған уақытқа дейін жүргізеді. 

120-бап

Мәслихат:

1) жергілікті бюджет жобасын және оның атқарылғаны тукралы есепті бекітеді;

2) әкімдерге құрылымдық бөлімдердің басшыларын тағайындауға келісім береді;

3) сәйкес әкімшілік-территориялық бірлікті дамытудың бас жоспарын бекітеді;

4) депутатар қатарынан әкімді сайлайды;

5) тұрақты комиссиялар мен басқа да жұмыс органдарын құрады;

6) өз өкілеті аясында шешім қабалдайды;

7) өздеріне заң арқылы жүктелген, басқа да өкілетін жүзеге асырады;

121-бап

1. Жергілікті өзін өзі басқару органдары өкілетін жүргізген кезде  меншігіндегі ресурстарды өз бетінше жұмсайды.

2. Жергілікті өзін өзі басқару органдары шығарған құқылық актілер Негізгі Заңға, Конституциялық Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына қайшы келмеуі керек.   Негізгі Заңға, Конституциялық Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына жергілікті өзін өзі басқару органдары шығарған құқылық актілер қайшы келіп жатқан жағдайда, соңғысының күші соттың шешімімен жойылады.

3. Мемлекеттік билік органдарының  жергілікті өзін өзі басқару органдарының, Негізгі Заң және заңдар арқылы бекітілген, өкілетін шектеуге құқы жоқ.

VIII БӨЛІМ.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕР

122-бап

1. Қазақстан Республикасындағы ақша эмиссиясының ерен құқы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ғана құзырында.

2. Ұлттық Банк өз қызметі турасында Ұлттық Құрылтайға есеп береді.

3. Ұлттық Банкті құру мен оның қызметін атқару  тәртібі заң арқылы анықталады.

123-бап

Салықтар, жинақ ақша, кеден бажы, айып-пұлдар, төлемдер мен жарналар заң арқылы анықталады.

124-бап

Мемлекеттік және коммуналды меншікті иелену, басқару, пайдалану және сату тәртібі заң арқылы анықталады.

125-бап

1. Республикалық және жергілікті бюджет қаржысының  жұмсалуы бойынша бақылау жүргізетін жоғарғы орган болып Қазақстан Республикасының Есеп палатасы саналады.

2. Қазақстан Республикасының Есеп палатасы  құрамына Төраға мен он аудитор кіреді.

3. Есеп палатасының бес аудиторын, Ұлттық Құрылтайдағы Оппозицияның ұсынуымен,  Ұлттық Құрылтай тағайындайды.

4. Есеп палатасының Төрағасы мен қалған бес аудиторын, Ұлттық Құрылтайдағы Көпшіліктің ұсынысымен, Ұлттық Құрылтай тағайындайды.

5. Есеп палатасының Төрағасы мен аудиторларының өкілет мерзімі төрт жылды құрайды.

6. Есеп палатасының жұмысын ұйымдастыру тәртібі заң арқылы анықталады.

126-бап

Қазақстан Республикасының Есеп палатасы:

1) Мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін өзі басқару органдары жүргізетін мемлекеттік  сатып алуларды бақылап отырады; 

2) толығымен, немесе ішін ара мемлекеттің меншігіне жататын кәсіпорындардың шаруашылық істеріне бақылау жасап отырады;

3) мемлекеттік  және коммуналды меншікті пайдалану және оны сақтау ісіне бақылау жасап отырады. 

127-бап

1. Есеп палатасы,  өз қызметіне қатысты,  Ұлттық Құрылтайға  есеп беріп отырады.

2. Есеп палатасының Төрағасы Есеп палатасының қызметі жайлы, алты ай мерзімде, кем дегенде,  бір рет есеп беріп отыруға міндетті.

IX БӨЛІМ. РЕФЕРЕНДУМ

128-бап

1. Қазақстан Республикасында  референдум мемлекет өміріндегі аса маңызды шешімдерді қабылдау үшін өткізіледі.

2. Республикалық референдум Қазақстан Республикасының барлық территориясында өтеді.

3. Жергілікті референдум сәйкес әкімшілік-территориялық бірлік аумағында өтеді.

4. Территорияның тұтастығы, амнистия және рахымшылық жасауға, салықты алып тастау немесе өзгертуге, халықаралық келісімдер мен шарттарды бекітуге, Ұлттық Құрылтайдың, Үкіметтің немесе Президенттің  өкілетін ұзарту немесе кеңейтуге қатысты мәселелер бойынша референдум өткізуге жол берілмейді.

129 – бап

1. Республикалық референдумға қатысу құқына,  сайлау құқы бар, Қазақстан Республикасының азаматтары ие болады. 

2. Жергілікті референдумға қатысу құқына, сайлау құқы бар және аумағында референдум өткізілетін әкімшілік-территориялық бірлік территориясында тұрықты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары ие болады.

3. Республикалық референдум тағайындау құқы Ұлттық Құрылтайдың құзырында болады.

4. Жергілікті референдум тағайындау құқы мәслихаттардың құзырында болады.

5. Ұлттық Құрылтайға Республикалық референдум тағайындау туралы үндеу жасауға сайлау құқы бар және қатарында барлық Аймақтардың, республикалық дәрежедегі қалалардың тепе-тең мөлшерде өкілдері бар, Қазақстан Республикасының, кем дегенде, жүз мың азаматының құқы бар.

6. Мәслихаттарға жергілікті референдум тағайындау туралы үндеу жасауға сайлау құқы бар және аумағында жергілікті референдум өткізуді қалайтын сол әкімшілік-территориялық бірлік аумағында тұрақты тұрып жатқан, кем дегенде мың адамнан тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарының құқы бар.

X БӨЛІМ.

НЕГІЗГІ ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ

130-бап

1. Негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге  бастама жасау құқы мыналарға тиесілі:

1) Ұлттық  Құрылтайға, сан мөлшері  жалпы депутаттар санының үштен бірінен кем емес депутаттр қолдағанда; 

2) Президентке;

2. Төтенше және әскери жағдай кезеңінде Негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар еггізуге болмайды;

3. Негізгі Заңның I,  II және X бөлімдері  өзгертуге жатпайды.

131-бап

1. Негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар Ұлттық Құрылтай депутаттарының, кем дегенде, үштен екі бөлігінен тұратын көпшілік дауысымен,  сәйкес Конституциялық Заң қабылдауы арқылы енгізіледі.

2. Негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық Заңды талқылау Ұлттық Құрылтайда үш рет оқылу арқылы өтеді.

3. Негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық Заңды Президент жариялайды және сол Конституциялық Заң арқылы бекітілген, тек қол қойылған соң бір айдан ерте емес,  мерзімде күшіне енеді. 

XI БӨЛІМ. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

132-бап

1. Нағыз Негізгі Заң күшіне енген күннен бастап, сол мезгілде жұмыс істеп келген жергілікті өзін өзі басқару органдары өз өкілеттерін тоқтатады.

2. Жергілікті өзін өзі басқару оргнадарының сайлауы, нағыз  Негізгі Заң күшіне енген соң,  төрт айдан аспайтын мерзімде  өткізілуі тиіс.  

133-бап

1. Нағыз Негізгі Заң күшіне енген тұста жұмыс істеп тұрған Заң шығарушы орган,  Ұлттық Құрылтайдың бірінші шақырылымы сайланғанға дейін,  өз міндеттерін атқара береді.

2. Ұлттық Құрылтайдың бірінші  шақырылымы,  нағыз Негізгі Заң күшіне енген соң, үш айдан аспайтын мерзімде сайлануы тиіс.

134-бап

Негізгі Заң күшіне енген күннен бастап, Қазақстан Республикасының Президенті,  нағыз Негізгі Заңда бекітілген құқылық мәртебеге ие болады да, жаңа Президент сайланғанға дейін, өз өкілетін жалғастыра береді.

135-бап

1. Нағыз Негізгі Заң күшіне енген тұста жұмыс істеп келген Үкімет,  нағыз  Негізгі Заң ережелеріне сәйкес, жаңа Үкіметтің құрамы бекітілмейінше,   өз қызметін атқара береді.

2. Нағыз Негізгі Заң күшіне енген тұста, Үкіметтің құрамына енбейтін және тікелей Президентке бағынышты орталық атқарушы органдар, нағыз Негізгі Заң ережелеріне сәйкес,  олардың жаңа құрамы құрылғанға дейін,  өз міндеттерін атқара  береді.

136-бап

Нағыз Негізгі Заң күшіне енген тұста қызметте отырған Қазақстан Республикасының барлық соттарының судьялары, сәйкес соттардың жаңа құрамы  құрылғанша, өз міндеттерін атқара береді.

137-бап

Нағыз Негізгі Заң күшіне енген тұстағы Сайлау органдары, нағыз Негізгі Заң ережелеріне сәйкес, олардың жаңа құрамы құрылғанша өз міндеттерін атқара береді.  

138-бап

1. Нағыз Негізгі Заң күшіне енген соң, заңнамалық актілер мен басқа да құқылық актілер,  бір жыл ішінде,  оған сәйкестендірілуі тиіс. 

2. Нағыз Негізгі Заңға қайшы келетін заңнамалық актілер мен басқа да құқылық актілер, олардың кейбір жеке ережелері  күшін жояды.