Ауған тақтасында Түрік гамбиті ойнала ма, әлде тәліптер Ресейдің бас ауыруына айнала ма?

фото ашық дерек көздерден

Біздің аймақта ескі қауіпті күш жаңадан басын көтерді. Тәлібтерді айтам. АҚШ пен НАТО әскерін шығаруды бастағалы-ақ, бұл радикалды діншіл-саяси күш, әп сәтте-ақ, Ауған елінің бірсыпыра провинцияларын жаулап алды. Ауған үкіметінің оларға қарсы қауқары шамалы екені де көрініп қалды. Бұл радикалдарды топ, ендігі, Ресей билігімен де келіссөздер жүргізіп үлгерді. РФ-ының сыртқы істер министрі С. Лавровпен кездесті. Ол өз елінде террорлық ұйым деп танылып, тиым салынған радикалдарды жоғары деңгейде қарсы алды. Өйткені, олардың өздерінен де өткен терроршы екенін жақсы біледі. Оларды «Ескендірлермен» , ядролық қарумен қорқыта алмайды – тәліптер де Путин тәрізді жұмаққа баратынына сенімді, оның үстіне, ол жақта бұларды хордың қыздары күтіп алатынын біледі. Баспасөз мәсслихатында тәліптердің өкілі елдің 85 пайызы Ислам Әмірлігінің (Ауғаныстанда құрмақшы мемлекетті өздері солай атайды) құзырына өткенін мәлімдеді.  Тәліптердің бұл сапарының үгіт-насихаттық та мәні бар. Әрине, Ресей билігінің ылғи да террорлық ұйымдарға бүйрегі бұрып тұратыны әлем жұртшылығына белгілі. Болмыстары ұқсас емес пе… Тіпті, радикалдардың Ауғаныстандағы АҚШ сарбаздарын өлтіргені үшін Ресей ақша төлеп отырған деген де ақпараттар да жарық көрген болатын.

Дегенмен де,  тәліптердің бастапқы жоспары – алдымен,  Ауған елінде түбегейлі үстемдікке қол жеткізу. Оған бүгінгі үкімет те, соңғы жиырма жыл бойы басқа да озық салттың, демократиялық құндылықтардың бар екеніне көзі жетіп қалған қарапайым ауған халқының бір бөлігі де келісе қоймайды. Яғни, Ауғаныстанда азаматтық соғыс оты тұтанып кетуі әбден мүмкін. Кейбір сарапшылар, тәліптер билікті толығымен басып алғаннан гөрі, елдегі басқа да саяси күштермен ымыраласа отырып, өз түсініктері ескерілетін, коалициялық үкімет құрғанды көздейді деген пікірде. Өйткені, оларға өздерін әлем жұртшылығының мойындағаны керек көрінеді. Тәліптер үшінші бір елге шабуыл жасай қоймас дейді. Дегенмен де, Ауғаныстанда қалыптасқан бұл жағдай көрші елдерге гумманитарлық тұрғыда қауіпті – үкімет пен тәліптер ортақ келісімге келе алмаса, елде азаматтық соғыс басталып, босқындар мәселесі туындайды.

Ауған тақырыбы ашылғалы белгілі болған бір жағдай – ол Джо Байден мен Реджеп Ердоған арасындағы келіссөздердің шын мәнісі. Америка президенті, өз әскерін шығара бастағалы, тәліптердің күшейіп кеткеніне қарамастан, бұл процестің тоқтамайтынын мәлімдеді. Байденнің ойынша, олай істесе, елдегі жағдай тым шиеленісіп кетуі мүмкін және тәліптер мен екі арадағы келісімдерді бұзуға болмайды.  Егер, Америка әскерін шығаруды доғарса, тәліптер өздеріне қарсы шабуылын үдете түсіп, әскерін шығармақ түгілі, қосымша әскер енгізіп, соғыс былығына одан әрі бата түсеміз дейді. Әйтсе де, АҚШ Ауғаныстаннан, әзірге, толығымен кете қоймайды. Кабулда дипломатиялық миссиясы жұмысын жалғастыра береді және астаналық қаланың әуежайын, 300-ден 1000 сарбазға дейінгі, Америка күштері қорғайтын болады. Тәліптерден, кем дегенде, төрт есе басым, НАТО-ның дайындығынан өткен (300 мың жауынгер мен 100 мың қол ұлттық қауіпсіздік сарбаздары), жақсы қаруланған үкімет күштері олардың бүкіл елді басып алуына жол бермейді дейді Байден.  Америка, сондай-ақ, жуырда 300 млн доллар қаржылай көмек бөліп, үкіметке қарасты әуе күштерін нығайта бермекші. Америка президентінің пікірінше, Ауғаныстанда қандай билік, қандай саяси-экономикалық жағдай қалыптасу керек екенін ауған халқының өзі шешуі тиіс. Тәліптер де бұл ойдан кет әрі емес сияқты сыңай танытқандай болады. Өйткені, Мәскеуде олар өздерінің билікті түбегейлі тізгіндеп алмайтынын және жаңа үкіметті құруға ауған еліндегі барлық саяси топтар қатысуы керек деп мәлімдеген болатын. Алайда, АҚШ үкіметі Талибанға онша сене де қоймайды – Ауғаныстандағы Америка миссияларында жұмыс істеген 60 мыңға жуық ауғандыққа пана болуға дайын.

Ал, өткен айда Европада өткен, Ердоған мен Байденнің екеу ара келіссөздеріне келсек, Батыс Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияның бір бөлігін түріктердің ықпалына беріп отыр. Сондай-ақ, Түркие, НАТО-ның басқа елдері тәрізді, Ауғаныстаннан кетпейді. Түрік әскері Кабул  әуежайын қорғауға қатысады және елдегі тәртіпті қадағалап отыратын болады – азаматтық соғысқа жол бермеуге тырысады. Ердоған бұл миссиясы барысында, Түркиеге Пәкістан мен Хұнгрия көмектеседі деп санайды.  Ердоған Пәкістан территориясын Ауғаныстанға қосымша әскер енгізу үшін пайдаланбақшы. Ал, Ауғаныстанда батыс күштері емес, түріктердің қалғаны – өте тиімді шешім. Өйткені, діні бір, ділі ұқсас, осы елдегі біршама этноспен туыс мемлекет. Бір сөзбен айтқанда, жат емес. Оның үстіне, Ердоғанның да билік әдісі авторитарлық жүйелерге жақын – білекке білегін көрсетіп, жұдырыққа жұдырықпен жауап бере алады. Бұл аймақта батыс елдерінің, кейде, қолын байлайтын, кейбір демократиялық құндылықтарды ескере де бермейді. Екінші жағынан, бұл осы аймақтағы Ресей мен Қытай ықпалына қарсы елеулі күш. Түріктер үшін де бұл қолайлы саяси қадам – соңғы жылдары, өзінің  АҚШ пен НАТО-дағы әріптестері арасындағы сетіней бастаған сенімдерін қайтадан нығайтып алады. Орта Азиядағы ықпалын күшейте түседі. Міне, Американың еш елеңдемей-ақ, Ауғаныстаннан кетіп жатқанының бір сыры осында болса керек.

Алайда, америкалықтар елеңдемегенімен, тәліптер – Орта Азия елдері мен, бұл аймақты өзіне тиесілі санайтын,  Ресейді қатты алаңдатады. Түрік әскері радикал исламшылдармен қаншалықты жемісті күрес жүргізе алады, ол жағы әлі белгісіз. Ал, тәліптердің, аз ғана уақыт ішінде,  елдегі аудан орталықтарының ¾ басып алғанын, үкімет күштерінің еш қарсылықсыз беріліп, қаруларын тастап кетіп, болмаса сатып кетіп жатқанын ескерсек, Байден үміт артқан Ауған үкіметі әскерінің орнына, мұздай қаруланған тәліптерді көретін боламыз. Америкалықтардың ауған әскеріне қалдырған қару-жарағы өте сапалы және жойқын күшке ие. Енді ол қару-жарақ тәліптердің қолына өтіп жатыр. Ертең, НАТО стандартындағы, бес қаруын асынған, Hummer-ге мінген, 40 жылдай соғысып, әбден әккіленген әскердің ел іргесіне келіп тұрмасына кім кепіл? Өздерінің ата жауы АҚШ-тың бұл елден кеткені Иранға да ауыр тиді. Ондағы биліктегі молдалардың да дегбірі кете бастады. Олар да тәліптерден сескенеді.  

Жалпы алғанда, тәліптер бейбіт саясат жүргізеді дегенге ешкім сеніп отырған жоқ. Қатерге ілінетін, ең алдымен, Тәжікістан, Түрікменістан, Өзбекістан, Қырғызыстан мен Қазақстан. Биліктері осал, жемқорлыққа батып қалған, елі кедей және үкіметтеріне сенбейді. Бұл елдерде, отыз жылдан бері іштей қоздап келген, радикалды ислам идеясы әп-сәтте жарылысқа ұласуға дайын десек те болады. Өйткені, тәліптерге ымырашыл, ниетшіл діншіл топтар Орта Азияда тамырын тереңге жайып та үлгерген. Оның мысалын өзіміздің елдегі жағдайдан-ақ байқауға болады.  Радикалды исламшылар биліктің әр тармағында да, экономиканың түрлі саласында да мығым отыр. Ондай ойдағыларға кімнің қай туысқаны қамқор болып отырғаны да жасырын емес. Отыз жылда мектепті емес, мешітті көбейтіп, халықтың да бір сыпырасын сол ыңғайға келтіріп қойды. Мұндай «саяси көкпар» басталғанда, Қытай да қарап отырмайды. Тәлібтердің балағының бір бауы да сол шығыс көршіміздің уысында отырғаны анық. Бұл жерде Шығыс Түркістандағы мұсылман жұртшылығына геноцид жасап, қысым көрсетіп отырған мемлекетке ислам әлемі қарсы тұрады деген ойдың жаңсақ екенін айта кетуіміз керек. Оған бір-ақ дәлел – Қытай коммунистері мұсылмандарға қысымын бастағалы, бұл елден қашып шыққандарды қайтару жағынан,  дәл осы ислам мемлекеттері белсенді. Бір деректерге қарағанда, 5 мыңнан астам, тағы бір деректерде он мыңның үстіндегі мұсылманды Қытайға ұстап берген. Ал, кәзіргі тәліб сарбаздарын қаруландырып, киім-кешегіне дейін тігіп беріп отырған қытайлар деген де деректер бар.

Тәліптер Ислам Әмірлігін құрмақшы ойларын жүзеге асырмақшы болып, солтүстік шекарадан аса бастаса, Қазақыстанның жағдайы тіптен қиындап кетеді. Биліктің сырттан төнген қауіптерге қарсы күреспек қауқары тұрмақ, ойы да жоқ. Биылғы жұттың болатынын біле тұра, «шөптің басын сындырмаған» билікті ел қауіпсіздігі толғандырады дегенге сену қиын. Жақында ғана, мемлекеттің нақты басшысы Қытай мен Ресей өзінің достары екенін, олардан ажырауға құлқы жоқ екенін ашық айтты. Олардың тарапынан жұрт сезген қауіпті ол бақыт санайды екен. Ал, елдің қауіпсіздік мәселесі, бүкіл күштік құрылымдар соның қолында екенін ескерсек … Ертең бұлардың қандай әрекетке баратыны, дәлірек, ешқандай да әрекет жасамасы анық. Оны Құрмет Талапқазының мысалынан көріп отырмыз – жалғыз өзі ауыл шаруашылық министрлігінің, тіпті, бүкіл үкіметтің міндетін атқарып жүр. Ана тоңмойындар болса, елдің қырылып қалғанын күтіп отырғандай. Ал, шындығына келсек, сыртқы мәселелер ғана емес, ішкі мәселелерді шешуде еш дербестігі жоқ Нұр-Сұлтанның бұл геосаяси тартысқа еш ықпалы болмасы рас. Біз үшін, біздің қандай деңгейде қатыса алатынымызды, басқа мемлекеттер ойластырады. Тегін астық, басқа да қаржылай көмек бергізтуі, босқындар қабылдатуы мүмкін. Бітті. Олар сенің «сарабдал саясатыңды» да, «халықаралық ымырашыл абыройыңды» пысқырмайды. Жалпы Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне енетін көрші үш мемлекеттің жағдайы жақсы емес. Соған қарап, егер исламшыл радикалдардың солтүстік жорығы бізге қарай жалғасып жатса, оп-оңай жем болар түріміз бар. Ал, тәліптерге қарсылық таныта алатын жалғыз мемлекет – бұл ұжымдық келісімге кірмей қойған –  Өзбекістан.  Бұл келісімнен де, басқа да интеграциялық үрдістерден де сырт қалған Түрікменістанның, құпия түрде, тәліптермен келіссөздер жүргізгені белгілі болды. Ресми деректерді былай сыдырып қойсақ, Арқадақтың тәліптерге астыртын алым-салық төлеп құтылатын сыңайы бар. Қауіптің алғы шебінде қалған, шекарасын қарулы босқындар бұзып өтіп жатқан Тәжікістан президенті Мәскеуден көмек сұрауға мәжбүр. Путин, әрине, ондай көмек беретінін айтты. Кәзірдің өзінде тәжік жерінде, 7 мыңға жуық сарбазы бар,  Ресейдің 201-дивизиясы тұр. Ресейдің әскери контингенті Қазақыстан мен Қырғызыстанда да орналасқан. Қазақ елінде солтүстік көршінің жеті полигоны бар, ал, қырғыз жеріндегі Қант әуе күштері базасын иемденіп отыр. Жақын күндері Ресейдің Тәжікістандағы контингенті ұлғайып, күшейтілуі де мүмкін. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдері де әскери көмекке жұмылдырылады. Сонымен, енді Ауғаныстан мен тәліптер Ресейдің бас ауыруына айналады. Қазақ билігінің басы ауыра қоймас, өйткені біз жетектегі елміз. Сонымен қатар, бұл геосаяси додаға түріктердің де белсенді араласатынын ескеруіміз керек. Оның үстіне, Түркие Орта Азиядағы ықпалын Қырғызыстан мен Тәжікістанда да күшейте түспекші ойда. Жуырда ғана, түріктердің қорғаныс министрі осы екі елге ресми сапармен келіп кетті. Кезінде Манас әуе жайында тұрақтаған Америкалықтардың әскери базасынан, Ресейдің айдақтауымен, бас тартып, кейін өкініп қалған қырғыздар түріктермен қатынас орнатуға кет әрі емес екенін білдіріп отыр. Өйткені, Ресей тарапы әуде берген қырыуар қаржы мен әскери техникасын әлі күнге сөз жүзінде қалдырып келеді. Ал, америкалықтардан Манас үшін жылына 200 млн доллар жал ақы алып отырған болатын (біз Байқоңыр үшін бұл сомадан екі есе аз аламыз, залалы мол). Ресей тәліптерді Мәскеуде қабылдап, келіссөздер жүргізгенімен, олардан қауіптенетінін жасырмайды. Кәзір Ауғаныстандағы Хайратон қаласында жұмыс істеп жатқан Мазари Шарифтегі Бас консулдығының қызметкерлерін бұл елден уақытша өзбек елінің жеріне көшірді. Сөйтіп, кезінде Американың Ауғаныстанда болғанын қаламаған елдер үшін, олардың бұл аймақтан кетуі үлкен проблемаға айналып шыға келді.

Алатау Албан