Әнші – чиновник – сойыл.

фото ашық дерек көздерден

Билік  Демократиялық партияға қарсы репресия жүргізу барысында Сәкен Майғазиев сынды әнші-чиновникті сойыл ретінде пайдаланбақшы. Біз кеше ғана ертең Шымкенттің Қаратау аудандық сотында өтетін процесс туралы білдік. Түсінгеніміз – Сәкен Майғазиев Демократиялық партия белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен,  ҚК 131-бабы бойынша,  сотқа арыз түсірген. Айып тағылып отырған Аружан болса, бұл сот процесінен, Сәкеннің өзінің үстінен арыз түсіргенінен бейхабар.  Алғаш кеше, яғни, 13 шілде күні ғана естіп отыр. Әншінің не үшін арызданғаны да беймәлім. Оны тек өзіміз пайымдап қана анықтап отырмыз – біздің ойымызша, Майғазиевтің арызына себеп болған, Шымкенттегі Наурыз тойына бөлінген ақшаны чиновниктердің «жеп» қойғаны туралы көтерілген дау-дамай. Журналистер, жарнамасы жарты әлемге тарап, қыруар қаржы бөлінген, Наурыз мерекесінің Шымкентте өтпей қалғаны туралы жазған болатын. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Ал, осы мәселеге қатысты қала әкімі Мұрат Әйтенов Наурызға бөлінді деген 595 млн теңге “жыл бойы өтетін өзге де іс-шараларға қарастырылған. Бұл қызметкерлердің жіберген қателігі.  Жыл бойына деп бөлінген қаржатты порталға тек қана Наруызға деп енгізген. Соның салдарынан осындай жағдай болды» деп, жалтара жауап берген болатын. Алайда, оның бұл айтқандары  мемлекеттік сатып алу порталындағы ерсми деректерге қайшы екенін, яғни, әкімнің өтірік ақпарат таратқанын журналистер одан кейін де дәлелдеп жатты. Ал, жаңағы Наурыздың даулы тойындағы күмәнді мәселенің бірі – «МұзАрт» тобының концерті. Қаржыны бөліп отырған, осы топтың әншісі Сәкен Майғазиев басқаратын,  Шымкенттегі қалалық мәдениет үйі. Бір топ журналистер мен қоғам белсенділері Наурызға бөлінген ақшаның «қолды» болғаны туралы бұлтармас дәлелдерін келтіргенімен, ол чиновниктерге қатысты іс қозғалған да жоқ еді. Енді билік жемқорларды, белсенді де табанды, Демократиялық партияға қарсы айдап салып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлар адал азаматтарға қарсы шығып отыр!