Қаңтар шындығын ашу, саяси қудалауды доғару. Прагадағы қазақтар Ақордаға бірнеше талап қойды

Қаңтар оқиғасын жан-жақты тергеуді және саяси қудалауды доғаруды талап етіп, митинг өткізіп тұрған белсенділер. Прага, 4 маусым 2022 жыл.

Сенбі, маусымның 4-і күні Чехия астанасы Прага қаласының тарихи орталығы, Староместка алаңында жиырмадай адам Қазақстан билігін сынап, митинг өткізді. Акцияға Чехияда оқып жүрген және жұмыс істеуге келген қазақ жастары қатысты. Ұйымдастырушылар сөзінше, митинг өткізуге Прага әкімшілігі рұқсат еткен.

Жиналғандар қазақ, чех, ағылшын және орыс тілдерінде сөйлеп, Ақордадан қаңтар оқиғасының шындығын ашуды, оқ тиіп қаза тапқандардың дерегін жариялауды, құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған қамаудағы саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етті.

Қаңтар оқиғасын жан-жақты тергеуді талап етіп, митинг өткізіп тұрған белсенділер. Прага, 4 маусым 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасын жан-жақты тергеуді талап етіп, митинг өткізіп тұрған белсенділер. Прага, 4 маусым 2022 жыл.

Кейбірінің қолында қаңтар оқиғасында оқ тиіп қаза тапқан 4 жасар бүлдіршін Айкөркем бейнеленген плакат та болды. Плакаттағы сурет пен жазу маусымның 3-і, жұма күні Алматы көшелерінің бірінде пайда болып, бірер сағатқа жетпей өшірілген муралға қатты ұқсас. Сөйлегендер қаңтар оқиғасындағы құрбандардың көбі жазықсыз екеніне сенімді. Халықаралық тергеушілерді шақырып оқиғаны жан-жақты, әділ зерттету керегін айтады. Қаңтар қырғыны, саяси тұтқындар туралы жазуы бар түрлі плакат ұстап, Қазақстан мен Украинаның мемлекеттік туын көтергендер Украинадағы ахуал Ақорданың Кремльге қатысты көзқарасын өзгертуі тиіс деп есептейді. Сөздерінше, Путинге сенуге болмайды, ол кез келген сәтте Қазақстанға соғыс аша салуы мүмкін.

Наразылық жиынына қатысқандар конституциялық референдум туралы да айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолымен жүрмеуге, елде шынайы саяси реформа жүргізуге шақырады. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерін Қазақстан билігінде отырып шексіз байыған адамдарға санкция салуға үндеді. Олар Қазақстандағы билік пен байлықты соңғы 30 жылда санаулы адам иемденіп алғанын, солардың кесірінен елде адам құқығы, олардың еркіндігі мен сөз бостандығы қорғалмайтынын айтты. Митинг шамамен бір сағатқа созылды. Өздерін Genesis of Qazaq (Қазақтың генезисі) ұйымы деп таныстырған ұйымдастырушылар мұндай митингіні Еуропаның өзге қалаларында да өткізбек жоспары бар екенін жеткізді.

Нұрбек ТҮСІПХАН

Азаттық Радиосы